loader

Парижде жүздеген әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ереуілге шықты

Парижде жүздеген әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ереуілге шықты

Францияда 8 наурызға орай әйелдер ереуіл ұйымдастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы. Әйелдердің бұл мәселені көтеруі бекер емес. Өйткені былтыр көктемде алғашқы карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері 40%-ке, ал қараша мен желтоқсанда 60%-ке артқан.

«Біздің құқығымыз тапталып, теңдік әлі күнге дейін орнамай келеді!». Әлемнің бірқатар елінде осылай деген әйелдер көшеге шықты. Онсыз да оңып тұрмаған гендерлік мәселе пандемия кезінде одан сайын күрделене түскен. Салдарынан екі қолға бір күрек таппай қалған әйелдер саны артты. Тұрмыста да жанжал көбейген.

Ракель, ереуіл қатысушысы:

- Біз әйелдерге көрсетілетін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бас көтеріп отырмыз. Ереуілге шықпасақ, бұл мәселе жабулы қазан күйінде қала береді. Бұл тек Франция ғана емес, Еуропаның өзге елдері мен Оңтүстік Америка үшін өзекті мәселе.

Дәл осы 8 наурызда Сирияда да наразылық акциясы өтті.

Муна Аббан, жергілікті тұрғын:

- Соғыс жағдайында өмір сүру өте қиын. Әйелдердің жағдайы тіптен мүшкіл. Әлемнің өзге елдерінде 8 наурызды атап өтіп жатады. Бізде ол қайдан болсын? Қандай күрделі жағдайда жүргенімізді ешкім де білмейді.

Филиппин мен Австралияда да әйелдер наразы. Бұл елдердегі қыз-келіншектер де тұрмыстық зорлық-зомбылық пен гендерлік теңсіздік мәселесін де көтеріп отыр.

Негізі БҰҰ-ның мәлімдеуінше, коронавирустан ерлерден гөрі әйелдер қатты зардап шеккен. Өйткені нәзік жандылар арасында жұмыссыздық артқан. Мамандар «бұлай жалғаса беретін болса, алдағы уақытта Африка мен Оңтүстік Азияда тұрмысы нашар жандардың қатарына 47 миллион қыз-келіншек қосылуы мүмкін» дейді.

Ракель Лагуна, БҰҰ Даму бағдарламасының өкілі:

- Әрбір әйел өз күнін өзі көре алатындай жағдайда болуы керек. Сол себепті түрлі мемлекеттердің билігі оларды ең болмағанда уақытша табыспен қамтамасыз етуге тиіс. Өйткені қаржылай тәуелді әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көп ұшырайды.

Мамандар басқарушы лауазымдарда әйелдердің аз екенін айтады. Бірақ бір қызығы, пандемия кезінде билік басында әйелдер отырған елдерде кісі өлімінің деңгейі өзге мемлекеттермен салыстырғанда, 6 есе төмен болып шыққан.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Сондай-ақ...