427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грузияда азық-түлік бағасы қымбаттап кетті

  • 161
  • UPD: 19:57, 08.03.2021

Коронавирус Грузия экономикасын зор шығынға ұшыратты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр инфляция деңгейі 3,6%-ке жетті. Оған қоса, туризм саласы тоқырап, көптеген мейрамханалар мен қонақ үйлер банкрот болды. Үкімет экономиканы қалпына келтіруде вакциналауға үміт артып отыр. Алайда елде екпе салу әлі басталған жоқ. Сондықтан індет қайта өршіп кетуі де мүмкін.

Грузияда ақпанда алдағы аймен салыстырғанда инфляция деңгейі 1%-ке өсті. Әсіресе, қант пен сұйық май қымбаттап кетті. Оның бағасы 5%-ке көтерілген. Тіпті елде өсірілетін жеміс пен көкөністің де бағасы шарықтады.

Вафа Ясла, Тбилиси қаласының тұрғыны:

- Азық-түлік қымбаттағанын айқын сездім. Көкөніс пен жемістерден бастап барлық өнімнің бағасы өскен. Дүкенге 100 ларимен келген едім. Бұрын бұл ақшаға талай зат алуға болатын. Ал қазір тек көкөніс пен азғантай ғана жеміске жетті.

Александр Татиишвили, Тбилиси қаласының тұрғыны:

- Дүкендер мен базарларда бәрі қымбаттап кетті. Бұрынғыдан 20%-ке артық ақша жұмсайтын болдық.

Халыққа көрсетілетін қызметтердің де ақысы өсті. Оған қоса, жанармай қымбаттап, бұл өзге де тауарлардың бағасына әсер еткен. Алайда ел билігі болашақтан үмітті. Экономика министрінің мәлімдеуінше, экономиканы тез қалпына келтіру мақсатымен бірқатар реформа жасау жоспары бар.

Натия Турнава, Грузия экономика және тұрақты даму министрі:

- Премьер-министр өте қызық бір бастама ұсынды. Бізге ел экономикасын қалпына келтіру бойынша 10 жылға арналған ұзақ мерзімді жоспар дайындауды тапсырды. Бұл Грузия бизнесі үшін өте маңызды.

Сарапшылардың пікірінше, саясаткерлер ең алдымен бағаны тұрақтандырып, экономиканы қалпына келтіруге арналған тиімді шаралар қабылдауға тиіс. Оның ішінде шекараларды ашу қажет. Өйткені ел экономикасы негізінен туризмге тәуелді. 

Давид Кешелава, сарапшы:

- Бағаны тұрақтандыру бойынша экономика министрлігінің атқарған ісін көріп тұрған жоқпын. Қазіргі кезде бұл мәселеге басымдық беріп тұрған жоқ. Пандемия кезінде, ең басты міндет экономиканы қалпына келтіру. Соңғы кезде бірқатар бағдарламалар қабылданып, субсидиялар бөлінді. Бірақ бағаны тұрақтандыру үшін бұл шаралар жеткіліксіз.

Биыл ел экономикасы 3%-ке көтеріледі деген болжам бар. «Бірақ осындай қымбатшылық кезінде бұл өсім азаматтардың әл-ауқатына әсер ете қоюы екіталай», - дейді мамандар.

Авторы: Юлия Тужилкина

Хабар 24 телеарнасы