424,94 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирус Еуропадағы демографияға әсер етті

  • 292
  • UPD: 21:59, 09.03.2021

Еуропада соңғы уақытта демографиялық көрсеткіш күрт төмендеген елдің бірі Испания. Пандемия басталған алғашқы 9 ай ішінде мұнда дүниеге келген бала саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 23 процентке азайған. Негізі Еуропа бойынша жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі осы Испанияда тіркелген.

Сарапшылардың түсіндіруінше, осындай қиын жағдайда қалған испандар әзірге отбасын құруды немесе жүктілікті жоспарлауды кейінге қалдыра бастаған. Бірақ елде пандемияға дейін де бала туу көрсеткіштері мәз емес еді. Мәселен, 2019 жылы ол соңғы 70 жылдағы ең төменгі деңгейге түскен. Франция мен Италияда да осындай проблема. Мамандар демографиялық көрсеткіштер биыл да төмендейтінін болжап отыр. Өйткені еуропалықтар ертеңі үшін алаңдайды.  

Марион Весс, Париж тұрғыны:

- Жолдасым екеуіміз «пандемия кезінде дүниеге бала әкелу қате шешім емес пе» деп көп ойландық. Өйткені бұл аз зерттелген вирус. Бірақ абырой болғанда, мен қашықтан жұмыс істеп, үйде отырдым. Сол себепті жүктілік кезінде қиындықтар болмады.

Жапонияда соңғы 5 жылдың демографиялық көрсеткіші көңіл көншітпейді. Бірақ сарапшылар оған пандемияның қатысы жоқ дейді. Бұл жапондардың жұмысбастылығының нәтижесі. Жергілікті тұрғындар «мансап қуамыз» деп, отбасын құруды кейінге қалдыра береді. Соның салдарынан былтыр мұнда бала туу көрсеткіші ел тарихындағы ең төмен деңгейге жеткен. Сондай-ақ неке қию саны да азайды. Мамандар «бұлай жалғаса беретін болса, Жапонияда осы ғасырдың соңына дейін 126 миллион халықтың 53 миллионы ғана қалуы мүмкін» деп дабыл қағып отыр. Бір қызығы, былтыр коронавируске қарамастан мұнда кісі өлімі соңғы 11 жылдағы ең төмен көрсеткішке дейін азайған.

Бала туу көрсеткіштерінің төмендеуі Азиядағы тағы бір ел Қытайда да байқалып отыр. Бұған дейін сарапшылар «2028 жылы мемлекет АҚШ-тан басып озып, әлемдегі ең ірі экономикаға айналуы мүмкін» деп топшылаған. Алайда демографиялық көрсеткіштердің төмендеуіне байланысты бұл болжамның орындалмайтын түрі бар. Өйткені жұмыс күшінің тапшылығы туындауы мүмкін. Былтыр көрші елде 10 миллионнан аса сәби дүниеге келген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 15 процентке аз. Негізі бірнеше жыл бұрын билік «бір отбасы - бір бала» саясатынан бас тартқан. Алайда бастама тек қысқа мерзімді нәтиже көрсеткен. Сөйтіп, қазір демографиялық көрсеткіштер төмендеп барады. Өйткені жастар жағы білім алу мен жұмысқа көп көңіл бөліп, отбасын құруды кейінге қалдыра береді. 

ЮНИСЕФ өкілдері ерте жастағы неке санының артып бара жатқанын айтады. Мамандар оған пандемияның да әсері болды дейді. Өйткені коронавирус салдарынан көбінің тұрмысы төмендеген. Мектептер жабық. Індеттен ана-анасынан айырылғандар да аз емес. Соның кесірінен қыздар ерте тұрмысқа шығып жатыр. Осылай жалғаса беретін болса, 2030 жылға таман ерте жастағы некелер саны тағы 10 миллионға көбеюі мүмкін дейді. ЮНИСЕФ мәліметіне сәйкес, әлемде 18 жасына дейін тұрмысқа шыққан 650 миллион келіншек бар екен. Олардың тең жарымы Бангладеште, Бразилия, Эфиопия, Үндістан мен Нигерияда тұрады.  

Соланж, 17 жастағы ана:

- Тұрмысқа шыққым келген жоқ. Мені күштеді. Мектепке барғым келді. Бірақ бәрі басқаша болды. Қызым бар. Кейін оның бесіктен белі шықпай, тұрмысқа шыққанына қарсымын. Оның жоғарғы білім алғанын қалаймын.

Мамандар ерте жаста күйеуге шыққан қыздар көбіне тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналатынын айтады. Сондай-ақ олар мектепке барудан қалады. Ерте жастағы неке жоспарланбаған жүктілікке әкеп соқтырады дейді сарапшылар. Соның салдарынан ана өлімінің қаупі арта түсетінін ескертеді. Сондықтан мамандар түрлі елдердің билігін бұған жол бермеуге шақырып отыр.

Хабар 24 телеарнасы