Қытай қарттық мәселесін басты назарға алды

Алдағы 5 жылда Қытайда 5 мыңға жуық жаңа шағын аудан бой көтереді. Бұл қарттар үшін жасалып отырған қамқорлық. Бұл аудандарда солар үшін барлық жағдай қарастырылады. Қытайдың мұндай бастамаға баруына елде қарттардың көбеюі себеп. Қазірдің өзінде 1 миллиардтан астам азаматы бар елдің 18 проценті 60-тан асқан адамдар. 13 жылдан кейін бұл көрсеткіш 400 миллионға жетуі мүмкін.

Қытайда қарттар көбейген. Ресми мәлімет бойынша 2019 жылы жасы 60-тан асқан азаматтардың саны 18 процентке жетті. Бұл көрсеткіш мұнымен тоқтамай, алдағы уақытта одан сайын арта түсуі мүмкін дейді мамандар. Осыған байланысты ел билігі қарттық мәселесіне жіті көңіл бөлмек. Яғни әрбір шағын ауданда арнайы инфрақұрылымды дамыту көзделіп отыр. Жоспарға сәйкес, қарттарға қажетті қызмет түрінің барлығы қол созым жерде болуы керек. Ал өз күшімен жүре алмайтын азаматтарға қызмет үй жағдайында көрсетіледі. 

Су Бо, қарттарды күту жөніндегі орталықтың директоры:

- Қажет болса, біздің мамандар күн сайын бір сағаттай уақыт күтуші қызметін атқара алады. Осылайша азаматтың денсаулық жағдайын үнемі назарда ұстап, қауіп төне қалса бірден керек жерге хабар бере алады.

Мұндай орталықтарда егде жастағылар тек медициналық көмек ғана алып қоймай, өз ортасын да таба алады. Қытайда қазір тек  қарт кісілерден тұратын отбасылар көбейіп кеткен. Әсіресе ауылды жерлерде. Ал оларға күтім көрсету үшін елді мекендерге шамамен 10 миллиондай маман тарту керек екен. Осы мәселені шешу үшін ел билігі енді бұл жұмысқа жастарды жұмылдырмақ.

Цуй Жунхуа, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының депутаты:

- Үкімет қарт кісілерге қамқорлық  көрсету саласында еңбек етіп жүрген ЖОО түлектерін қолдауы керек. Бұдан бөлек бірыңғай кадрлық база құрып, жұмысшылардың барлығына бірдей жағдай жасалуын қамтамасыз етуі шарт.

Жалпы Қытайда қарттардың көбейе түсуі елдегі бала туу көрсеткішінің төмендеуімен тікелей байланысты болып отыр. Өңірлердің әркелкі дамуы да өзіндік әсер берсе керек. Өйткені жас буын жақсы өмір іздеп ірі қалаға қоныс аударса, аға буын сол күйі ауылды жерлерде қалып қойып жатыр.  

Автор: Ботагоз Сыргабаева