Грузияда вакцинаға қатысты дау шықты

Грузия мен «Ковакс» бағдарламасына жауапты халықаралық ұйымдар арасында вакцинаға байланысты дау туындады.

Препарат ақпанның аяғында жеткізілуге тиіс еді. Бірақ келісім кесімді мерзімде орындалмады. Осының кесірінен медицина қызметкерлері екпесіз қалды. Сондай-ақ жауапсыздық зардабын 3 ай бойы карантинге қамалған тұрғындар да тартуда. Вакцинасыз грузин қоғамында үрей-қорқыныш күшейді.

Грузияда вакциналау туралы әңгіме өткен жылы басталған. Үкімет «Ковакс» бағдарламасы аясында екпе алдыруға келісіп, халықты дайындауға белсене кіріскен болатын. Бірақ наурыз келсе де, елге бір тамшы вакцина жеткізілмеген.

Тамар Габуния, Грузияның денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

– 2020 жылдың 8 қазанында халықтың 20 процентін вакциналау үшін бюджеттен 5 миллион доллар бөлінді. 18 қаңтарда «Ковакс» платформасы арқылы «Файзер», «АстраЗенека» және «Модерна» сияқты кез келген екпені алуға дайынбыз деп мәлімдедік. 28 қаңтарда Грузия «Файзер» мен «АстраЗенеканың» 29 мың дозасын алады деген жауабымызды бердік.

Алайда ақпанда іс кері кете бастады. Грузиялық ақпарат құралдарының хабарлауынша, «Ковакс» платформасы Грузияға қосымша техникалық талаптар қойды. Ал ресми Тбилиси бұған дайын емес еді. Екі апта бойы тараптар тіл табысуға талпыныс жасап көрді. Ақыры Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинаны 14 күннің ішінде жеткізуді қолға аламыз деп мәлімдеді.

Амиран Гамкрелидзе, Грузияның ауруларды және қоғамдық саулықты бақылау жөніндегі ұлттық орталық басшысы:

– Осы сәтке дейін «Ковакс» платформасына 572 мың доллар аудардық. Вакцинаның алғашқы легі осы айда келеді деп сеніммен айта аламыз. Негізі «АстраЗенека» жеткізілуі мүмкін. Бізге «Новавакс» инновациялық екпесін де ұсынды. Қазір осы вакцинаны өндіруші компаниямен тікелей хабарласып отырмыз. «Файзер» бойынша да келіссөз жүргізуді жалғастырып, уәде етілген 29 мың дозаны аламыз деп ойлаймын.

Қазір бар ауыртпалық – дәрігерлерде. Себебі вакциналау басталмаса да, шектеулер біртіндеп алынып жатыр. Тұрғындар босаңси бастаған. Сондықтаен бас инфекционист Грузияны эпидемиологилық апат күтіп тұр деп дабыл қақты.

Тенгиз Церцвадзе, Тбилисидегі жұқпалы аурулар ауруханасының директоры:

– Вакцинаны алуға Грузияның толық мүмкіндігі бар дегенге өз басым сенбеймін. Әлемдегі жетекші өндірушілер екпені таңдап, талғап жеткізіп отыр. Себебі препарат әзірге аз мөлшерде шығарылады.

Айтылған екі екпе Грузияға 22 наурызда жеткізілуге тиіс. Билік үнділер жасаған вакцинаны алдыруға қатысты келіссөз жүргізіп жатыр. Қытайлық препарат та келіп қалуы ғажап емес. Эпидемиологтар толық ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін ересек тұрғындардың 70 процентіне вакцина салу қажет деп есептейді. Бірақ науқанға қанша уақыт кететінін дәл қазір ешкім тап басып айта алмайды.

Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина

Сондай-ақ...