Израиль сыртқы шекарасын қайта ашты

 

Қазір елдегі әуежайлар жұмыс істеп тұр.

Дәмханалар мен білім беру мекемелері де қызмет көрсете бастаған. Елде вирус жұқтыру көрсеткішінің айтарлықтай төмендеуіне байланысты ел билігі осындай шешім қабылдады. Мақсат – мейлінше тезірек қалыпты өмірге оралу. 

Израильде коронавирус төңірегіндегі ахуал түзеліп келеді. Бүгінге дейін 5 миллион израильдік қауіпті вирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын қабылдап үлгерген. Ал препараттың екі данасын алғандардың қатары 4 миллионға жуықтайды. Бұдан бөлек, елде вирус жұқтыру көрсеткіші де төмендеп келеді. Осыған байланысты билік экономиканы қайта жандандырып, бұрынғы өмірге оралу туралы шешім қабылдады.

Орли Гринфельд, денсаулық сақтау бөлімінің жетекшісі:

– Біз карантиндік шектеулерді жеңілдетудің үшінші кезеңіне өттік. Оған сәйкес, карантиндік талаптардан тек маска кию мен арақашықтық сақтау ережелері ғана қалады деген сөз. Бұқаралық іс-шараларға келер болсақ, олар бірте-бірте ұйымдастырыла бастайды. Жазға дейін бәрі карантинге дейінгі қалыпқа келеді деп отырмыз.

Қазір Израильде мектептер мен балабақшалар жұмыс істеп тұр. Жоғары оқу орындары да қайта ашылған. Қоғамдық көліктер де толық қуатында қызмет көрсетуге кіріскен. Халықты жаппай вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Тіпті өз азаматтарын вакциналаудан бөлек, Израиль енді ел аумағында жұмыс істеп жүрген палестиндіктерге де екпе сала бастаған.

Амос Цуатец, Батыс жағалау азаматтық әкімшілігінің денсаулық сақтау жөніндегі үйлестірушісі:

– Енді біз тек жұмысшыларды ғана вакциналауды жоспарлап отырмыз. Палестиндіктер вакцина өндірушілермен тығыз байланыста екеніне сенімдімін. Сондықтан жақын арада ол жақта вакциналау науқаны басталады деп үміттенемін.

Израиль тақауда сыртқы шекарасын да ашты. Енді шектеу шаралары кезінде шетелде қалып қойған израильдіктер емін-еркін отанына орала алады. Үкімет қабылдаған қаулыға сәйкес, Израиль жеріне шетелдік азаматтар да келе алады. Бірақ олардың қолында міндетті түрде вакциналау туралы сертификат немесе жасыл төлқұжат болуға тиіс.

Айта кетейік, осындай құжаттың болмауынан тақауда тіпті Пфайзер басшысы да елге кіре алмаған болатын. Себебі ол вакцинаның тек бір дозасын ғана қабылдаған екен.

Сергей Ауслендер