Камчаткада жанартаудың атқылауынан Эрман мұздығы еріп жатыр

Қыс қысқарып, жаз ұзара түседі. Бұл осыған дейін де болған жағдай.

Қытай ғалымдары 1952-2011 жылдар аралығындағы статистиканы салыстырып осыған көз жеткізді. Олар келесі ғасырдың басында жаһандық жылыну салдарынан маусымдардың ұзақтығы бұдан да өзгеруі мүмкін дейді. Ғалымдар бұл жағдайға парниктік газдардың әсер еткенін айтады.

Қытайлық ғалымдар қыс пен жаз маусымдарының өзгеріп жатқанын өсімдіктердің ерте гүлдеуі мен құстардың қоныс аудару уақытының ауысуынан байқауға болатынын айтады. Осылай жалғаса беретін болса, болашақта аптап ыстық пен орман өрті жиілеп кетуі мүмкін. Бірақ Санкт-Петербор қаласында керісінше, қыс ұзаққа созылып кеткенге ұқсайды. Әдетте қалада көктем мезгілі наурызда басталатын. Алайда бұл жолы оның орнына бетті аяз қарып тұр. Бүгін түнде мұнда ауа температурасы минус 20,3 градусты көрсетті. Бұл соңғы 60 жылда болмаған жағдай. Ал синоптиктер күн тек апта соңына таман жылынатынын топшылайды.

Ресейдің Камчатка түбегінде әлемдегі ең белсенді жанартаулардың бірі – «Ключевская сопка» атқылауын тоқтатар емес. Мамандар жоғары температураға байланысты Эрман мұздығы ери бастағанын айтады. Салдарынан ауылдар арасындағы жолдарды су шайып, сол маңдағы өзендердің экологиялық тепе-теңдігі бұзылуы мүмкін. Негізі, жанартау маңына бірнеше шақырымға жақындауға тыйым салған. Алайда соған қарамастан бұл құбылысты таспаға тартуға асыққан туристер аз емес.

Ал АҚШ-тың Гавай штатында аласапыран. Нөсер соңы су тасқынына ұласты. Жергілікті тұрғындар мұндай алапат су тасқыны соңғы 40 жылда болмаған жағдай екенін айтады. Табиғат апатынан әсіресе Маруи қаласы қатты зиян шеккен. Мұнда дамба жарылып, біраз үйді су басты. Сол себепті билік шұғыл эвакуация туралы жария етті. Осы ретте 3 уақытша орталық ұйымдастырылған. 1300 отбасы жарықсыз отыр. Ал штатта төтенше жағдай тәртібі енгізілді.

Гавай халқын тасқын су әлекке салса, Миссисипи жұртшылығы осыдан бір ай бұрын болған аяздың зардабын әлі тартып отыр. Күннің күрт суытуы салдарынан өткен айда мұнда құбырлар қатып қалған. Сөйтіп 3 апта өтсе де, 5 мың тұрғын әлі күнге дейін сусыз отыруға мәжбүр.

Чокве Антар Лумумба, Джексон қаласының мэрі:

– Біз мұндай аномальді аязға дайын болмадық. Жабдықтарымыз қатып қалды. Қалпына келтіру жұмыстарының ұзаққа созылғаны рас. Алайда мамандарымыз күн демей, түн демей жұмыс істеп жатыр. Сондықтан жақын арада тұтынушыларға суды беру қалпына келтріледі.

Негізі, аномальді аяз тек Миссиссипи ғана емес, Техас штатының халқын да әбігерге салған. Салдарынан құбырлар мен электр тарату желілері суыққа шыдас бермей, миллиондаған тұрғын жарықсыз, жүз мыңдағаны сусыз қалған еді. Соңғы дерек бойынша, осыған байланысты жергілікті энергетикалық компанияның бас директоры отставкаға жіберілген. Бұған дейін компанияның басшылық қызметіндегі бірнеше адам да қызметінен кеткен болатын.

Сондай-ақ...