Италия мафиясы Еуроодақ ақшасына көз тігіп отыр

Пандемиядан туындаған қиындықтарды қылмыстық топтар өз мүддесіне пайдаланып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Италия мафиясы ауруханаларға арналған маскаларды сатып, банкрот алдында тұрған компанияларды иеленген. Қаскөйлер енді Еуроодақтың көмек ретінде бөлген ақшасына ауыз салмақшы. Германияда алаяқтар бизнеске арналған қаржыны қолды қылып үлгерген.

Мафиялық топтардың Еуроодақтың қаржылай көмегіне қатысы қанша?

Олар былтыр шағын және орта бизнеске қаржы беріп көмектескен. Енді сырттан келген көмектің бір бөлігін қалтасына салу үшін мафия кәсіпкерлерге қоқан-лоқы көрсете бастаған.

Италия қылмыскерлердің басты нысанына айналуы мүмкін. Өйткені мемлекет Еуроодақтан 209 миллиард еуро алуы тиіс. Ол пандемияның экономикалық салдарымен күреске бөлінген қаржы. Бүкіл Еуроодақта бұл мақсатқа ең көп ақша алатын осы Италия. Қыруар қаржының бір бөлігін жергілікті ірі мафиялық топтар өз қалталарына баспақшы. Алаяқтықтың алдын алу жөніндегі Еуропалық агенттік Еуроодаққа мүше әр елдің шығындар жоспары жіті тексерілетінін жеткізді.

Никола Морра, Италияның қылмыспен күрес комиссиясының басшысы:

- Қылмыстық топтар шағын және орта бизнеске көз салып отыр. Олардың қатарында Калабрия өңірінің оңтүстігінде әрекет ететін атышулы «Ндрангета» және сицилиялық «Коза Ностра» секілді ірі қылмыстық топтар да бар. Оларды денсаулық сақтау және инфрақұрылым саласы қызықтырып отыр. Өйткені бұл секторлар ең көп ақша алатындар қатарында. Сондықтан біз қылмыстық топтардың қалтасына бір еуро да түспейтіндей әрекет етуіміз керек.

***

Германияда алаяқтар кесірінен көмек бағдарламасы тоқтатылды  

Италиялық мафия қаржылай көмектің бір бөлігін иемденуді жоспарлап жүрсе, Германияда алаяқтар пандемия кезінде бизнеске арналған мемлекеттік көмекті қолды еткен. Олар қаржы министрлігінің сайтында шынайы фирмалардың атынан тіркелген. Бірақ жалған деректер көрсетіп, ақшаны сол шоттарға аудартып алған. Нақты шығын мөлшері әлі жария етілген жоқ. Бірақ жергілікті ақпарат құралдары миллиондаған еуро туралы хабарлайды. Соңғы оқиғаларға байланысты неміс билігі бизнеске мемлекеттік көмек көрсету бағдарламасын уақытша тоқтатқан. Алайда бұған кәсіпкерлер қарсы. Олардың бұл ойын неміс оппозициясы да қолдап отыр.

Гада Вали, БҰҰ Есірткі мен қылмыс жөніндегі атқарушы директоры:

- Коронавирус пандемиясы денсаулық сақтау саласындағы түйткілдерден басталып, гуманитарлық, экономикалық және әлеуметтік дағдарысқа ұласып кетті. Салдарынан қылмыс көбейді. Әлемде коронавирусқа қатысты туындаған қиын жағдайды алаяқтар мен қаскөйлер өз мүддесі үшін пайдаланып келеді.

***

АҚШ-қа бағыт алған қылмыстық топтар көбейді

Ал, АҚШ аумағында қылмыстық топтар көбейе бастады. Бірақ оған пандемияның қатысы жоқ. Мәселе мынада. Жуырда Джо Байден Мексикамен арадағы шекарадағы дуалдың құрылыс жұмыстарын тоқтатты. Ол Дональд Трамп кезінде салына бастаған. Салдарынан Аризона штатында шекараның бір бөлігі ашық қалды. Мұны қылмыстық топтар пайдалана бастаған. АҚШ аумағына әсіресе, есірткі саудасымен айналысатындар көптеп ағылған. Құқық қорғаушылар күніне 5-6 дерек тіркелетінін айтады. Джо Байденнің шекарадағы дуал құрылысын тоқтату шешімін көбі сынға алып жатыр. Олар «4 жыл бойы заңсыз көші-қонмен күрес бойынша атқарылған жұмыстың бәрі зая кетті», дейді. «Президент бұл шешімімен есірткі саудасымен айналысатындарға жол ашып берді» дегендер де көбейді.

***

Ирландияда есірткі саудасы азайған

Ирландия құқық қорғаушылары пандемияның пайдасы тигенін айтады. Коронавирусқа байланысты бақылау-өткізу бекеттері көбейгесін, есірткі тасымалы қиындаған. Былтыр елде қара нарықтағы құны 36 миллион еуроға бағаланатын тыйым салынған зат тәркіленген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есе аз. Бірақ сарапшылар пандемия кезінде басқа қылмыс түрлері көбейгенін айтады. Олардың қатарына тұрмыстық зорлық-зомбылықты жатқызуға болады. Сондай-ақ жалған вакцина сатушылар мен екпеден кезектен тыс өтуді ұсынытын алаяқтар да көбейген. Соңғы уақытта Еуропада қаскөйлер тіптен жалған вакциналау сертификаттарын сата бастаған. 

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева