Әлемде коронавирус пандемиясының 366 күні қалай өтті?

Әлемде коронавирус пандемиясының жарияланғанына бүгін 1 жыл болды.

Осы уақыт аралығында жер бетінде 117 миллионнан астам адам вирус жұқтырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

2 миллион 600 мың жан қайтыс болды. Кеңінен етек жайған індетті тоқтату үшін әлем елдерінде төтенше жағдай жарияланып, шекарадан кіріп-шығу шектелді. Қоғамдық орындар мен мектептер жабылды. Мекемелер амалсыз қашықтан жұмыс істеуге көшті. Індет келген бір жылда әлемде не өзгерді?

Тура бір жыл бұрын өмір басқаша еді. Күйбең тіршілік, гуілдеген көлік дауысы. Бітпейтін жұмыс, таусылмас тірліктің соңынан тырбаңдап жүрген адамдар. Қашан, қай жерде тоқтарымызды ешкім де дөп басып айта алмайтын кез еді.

Бірақ бәрі бір заматта өзгеріп шыға келді. Әп-сәтте әлемдегі тіршілік тоқтап қалғандай болды. Бәрі алты құрлыққа ауыз салған коронавирустың кесірі.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ басшысы:

- Коронавирустың жылдам таралуына қатты алаңдап отырмыз. Жағдайды жіті зерттеп, COVID-19-ды пандемия деп атауға болатынына көз жеткіздік.

Бірақ бұл жаңалыққа алғашында әлем жұрты аса қатты мән бермеді. Тіпті елемегендей болды. Халыққа талай рет ауызбен айтылып, видеомен көрсетіліп жатса да, ел оған сенуден бас тартты. Ол – ол ма, індетті жоққа шығарып келген саясаткерлер де болды.

Роберто Медронхо, эпидемиолог:

- Инфекцияға шалдыққаннан кейін президент Жаир Болсонару COVID-19-ға қатысты ойын өзгертетін шығар деп үміттендік. Бірақ ол әлі күнге дейін ауруды жоққа шығарып келеді.

Коронавирус жаһан жұртын жалмап, өз дегенін істеп жатты. Билік өкілдері шұғыл шара да қабылдады. Карантин де жариялады. Әлем жұрты тосыннан төрт қабырғаға қамалды да қалды. Біреулер бұған ашуланды, келесісі қайғырды. Бірақ бұрынғыша болмайтынын ұқты. Дүниені дүрліктірген вирусты қабылдап, оған бейімделе өмір сүруге көшті.

Сөйтіп, «Саулық сақтықта» деген сөз қоғамның жаңа ұранына айналды. Барша жұрт бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтық сақтаудың қаншалықты маңызды екенін түсінді. Күн сайын жүз мыңдаған адамның вирус жұқтырғанын көзбен көрген ел денсаулықтың қадірін білді.

Памела Габриэла Орозко, тұрғын:

- Әр минут сайын отбасының бір мүшесі қайтыс болып жатыр. Бұл сұмдық жағдай. Сондықтан азаматтар ахуалдың күрделілігін түсінулері керек. Өкінішке қарай, адамдар өзгелердің жауапкершілік танытпауынан зардап шегіп отыр.

Індет талай жанның тағдырын жалмап, сан түрлі саланы шатқаяқтатқанда, вирустан құтылудың амалы пайда болды. Қауіпті инфекцияға қарсы жаңа дәріні жарыса іздеген әлем ғалымдары бірінен соң бірі вакцинаның пайда болғанын хабарлады.

Грегори Гленн, ғалым:

- Бұл вирустың ағзадағы жасушаларға желімдей жабысып алатын қасиеті бар. Антиденелердің көмегімен біз оны бұзуға тырыстық.

Қазір дүниежүзі бойынша 10-ға жуық вакцина бар. Ендігі мәселе – жер тұрғындарының бәрін препараттармен қамту. Бұл әрине, өте ауқымды әрі күрделі жұмыс екені сөзсіз. Десе де, қысқа мерзім ішінде жеткен жетістіктер жоқ емес. Бүгінде әлемнің ондаған елінде халықты жаппай вакциналау науқаны жүріп жатыр. Бұған қоса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «келер жылдың басында адамзат пандемияны еңсереді» деп қуантып отыр.