Alibaba-ға Қытай тарихында ең ірі көлемдегі айыппұл салынбақ

Қытайдың монополияға қарсы реттеушілері Alibaba компаниясына елдің корпоративтік тарихындағы ең ірі мөлшерде айыппұл салмақ. Бұл туралы Wall Street Journal хабарлайды.

Қытайдың нарықты бақылау және реттеу жөніндегі басты мемлекеттік басқармасы 2020 жылдың соңында аталған компанияға қатысты монополияға қарсы тергеу бастаған. Ал Alibaba биліктің тергеу жүргізуіне еш кедергі келтірмейтінін, жұмысын да қалпынша жалғастыра беретінін мәлімдеген болатын.

Дереккөздің айтуына қарағанда, Alibaba-ға салынатын айыппұл 975 млн доллардан да асады. Естеріңізде болса, 2015 жылы бәсекеге кедергі келтірді деп айыпталған Qualcomm компаниясы осындай мөлшерде айыппұл төлеген.

Одан қалды, компаниядан «эр сюань и» немесе «екеуінің бірін таңда» тәжірибесінен бас тарту талап етілмек. Әңгіме Taobao және Tmall платформалары жайлы. Бұл екеуінің де операторы – Alibaba.

Alibaba Group – Қытайдың ең ірі интернет-компаниясы. Электронды сауда саласында 1999 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Топқа Alibaba Pictures, AliExpress, Taobao, Tmall ұйымдары кіреді.