Аргентинада орман өртінен 11 адам жоғалып кетті

Аргентинаның Чубут пен Рио-Негро провинциясындағы орман өртінен 11 адам із-түзсіз жоғалып, оннан аса тұрғын жарақат алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жүздеген кісі қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір аймақтарда жауын жауып, лаулаған жалынның көп бөлігі сөнген. Бірақ табиғат апатынан келген шығын зор. Өрт 2 мың гектар орман алқабын күлге айналдырып, 200-ден аса үй жанып кетті. Кей мекендерде жарық өшіп, халық ауыз сусыз қалған. Жергілікті билік өрт қасақана қойылуы мүмкін деп тергеуді бастады. Ал баспанасынан айырылған жандар не істейтіндерін білмей әлек.

Алексис Зунига, жергілікті тұрғын:

– Үйім тып-типыл жанып кетті. Үстімдегі мына киімнен басқа түкте қалған жоқ. Барлығынан айырылдым. Енді не істейтінімді білмеймін. Бүкіл өмірім осында өткен еді.