430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзге елде вакцина салдырту туроператор үшін табыс көзіне айналуда

  • 164
  • UPD: 22:44, 12.03.2021

Әлемде вакциналау қарқынды жүріп жатқан елдердің бірі Біріккен Араб Әмірліктері. 10 миллиондай халқы бар мемлекетте екпенің 6 миллионнан аса дозасы салынған екен.

Британдық «Файнэншл Таймс» басылымының хабаралауынша, қазір Дубайдағы жекеменшік клиника шетелдіктерге «Пфайзер және Байонтек» вакцинасын алу мүмкіндігін ұсынады. Бірақ ондай ниет білдірушілер Найтсбридж Серкл клубының мүшесі болу керек. Ал оның мүшелік жарнасы 30 мың еуро шамасында. Одан бөлек сапар үшін тағы 45 мың еуро төлеу керек. Мұндай қымбатшылыққа қарамастан әмірлікке екпе салдыруға асыққан ауқатты британдықтар аз емес. Жуырда Испания королі Филипп төртіншінің әпкелері Абу-Дабиге барып, екпе салдырғаны белгілі болды. Бұған қатысты испандардың пікірі қақ жарылды. 

- Король отбасының басқалардан қай жері артық? Олар біздің ақшаға осылай тайраңдап жүр. Сондықтан екпе бойынша мына бізге басымдық берілуі керек.

- Шыны керек, маған бәрібір. Білгендерін істесін. Абу-Даби ма, Қытай ма, қалаған жерлеріне барып салдыра берсін.

Үндістандық туроператорлар өз азаматтарына Лондон мен Нью-Йоркке барып вакцина алуды ұсынып жатқан көрінеді. Бұл туралы британ басылымдары хабарлайды. Мұндай турдың бағасы Дубайдікімен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Бірақ басылым үндістандық туроператорлардың кезектен қалай өтетіні белгісіз дейді. Ал шетелде тұратын ресейліктер екпе салдыру үшін арнайы Мәскеуге келетін болған.  

Алина Дробышевская, Германия тұрғыны:

- Германияда вакциналау бойынша кезегің жеткенше бір жылдай уақыт кетеді. Одан да ұзаққа созылып кетуі ғажап емес. Мен Германияға барғанда Ресейде екпе салдырғанымды растайтын сертификатты көрсетемін. Олар бұл құжатты қабылдайды деген үміттемін.

Жалпы көбінің екпе салдыруға асығуының бір себебі - олар шетелге емін-еркін саяхаттай алады. Қазір ондаған ел екпе алған туристерді қабылдауға дайындалып жатыр. Олардың қатарында демалушылар арасында танымал орын Сейшел аралдары да бар. Үнді мұхитында орналасқан бұл мемлекет жуырда әлемнің кез келген елінен келген саяхатшыны қабылдайтын болады. Ең бастысы, сырттан келген азаматтың қолында вакциналау сертификаты болу керек.

Вавель Рамкалаван, Сейшел аралдарының президенті:

- Жақында бізде коронавируске қарсы екпе алған тұрғындар саны 70 мыңға жуықтауы тиіс. Ол жергілікті халықтың 70 проценті. Бұл ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы үшін жеткілікті сан. Сонда еш қорықпастан шекарамызды ашып, шетелдік демалушыларды қабылдай береміз. 

Грекия да коронавируске қарсы екпе салдырған туристерді қабылдауға дайындалып жатыр. Бірақ бұл тек мамырдың ортасында ғана шамамен 2 айдан кейін мүмкін болады. Билік Еуроодаққа мүше елдердің ғана емес, өзге мемлекеттердің азаматтары да келе алатынын айтады.  

Гарри Теохарис, Грекия туризм министрі:

- Біз екпе салдырған не антиденелері бар шетелдіктерді қуана-қуана қарсы аламыз. Олардың қолында коронавирусқа тапсырған тестінің теріс нәтижесі болу керек. Сөйтіп, биыл бізде жергілікті туризмді қалпына келтіру үшін тамаша мүмкіндік пайда болады. 

Ал Таиланд билігі екпе салдырған шетелдік туристерге жеңілдік берілетінін жария етті. Енді келесі айдан бастап олар үшін карантин әдеттегідей 14 күнге емес, 7 күнге ғана созылады.

Хабар 24 телеарнасы