Йемендегі жазықсыз жұрт аштықтың азабын тартты

Соңғы жылдар тарихтағы ең зұлмат кезеңдердің бірі болып қалатыны анық. Әлем халқын пандемия әбігерге салды. Бірақ ең үрейлісі жаһанға төнген аштық қаупі. Мәселен, былтырдың өзінде жер бетінде 88 млн адам аштықтың зардабын тартқан. Бұл көрсеткіш биыл өсуі мүмкін. Жаһандық ашаршылық жайлы толығырақ келесі сюжетте.

Әлемде миллиондаған адам ашаршылық алдында тұр. БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш осылай дейді. Былтыр шартараптың түкпір-түкпіріндегі 265 миллион адам аш құрсақ жүрген. Тамақ тапшылығының зардабын тартқандардың дені Африка, Таяу Шығыс пен Азия елдерінің тұрғындары. Антониу Гутерриш кейінгі кезде күшейіп келе жатқан аштық апатына жол бермес үшін шұғыл шаралар қолға алынуы керектігін айтты.

Антониу Гутерриш БҰҰ Бас хатшысы:

- Қазір қамданбасақ алдағы уақытта ашаршылыққа тап болуымыз әбден мүмкін. Қарулы қақтығыс қиыншылық турдыратыны анық. Сондықтан соғыс өрті өршіп тұрған елдерде бейбітшілік орнату керек. Онсыз да табиғи апаттар мен жаһанды жаулаған пандемия қос бүйірден қысып тұр. Әрі азық-түлік пен ауызсу тапшылығы және жұмыссыздық белең алды.

Азық-түлік тапшылығы мен жаппай ашаршылық әсіресе Йемен елінде қатты білінеді. Оған сонау 2004 жылы басталған азаматтық соғыс себеп болып тұр. Халықаралық сарапшылардың сөзінше, биыл бұл елде тамақтан тарығып, аштыққа ұшырайтындар қатары 16 миллионнан асады.

Дэвид Бисли, БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры: 

- Елдегі жағдай сұмдық болып тұр. Соғыс салдарынан еш жазығы жоқ тұрғындар жапа шегіп отыр.

Аштықтың зардабын тартып жатқандар қатары Буркина-Фасо, Оңтүстік Судан, Ауғанстан мен Сирияда да артып келеді. Он жылға созылған қарулы қақтығыстардан миллиондаған сириялық жан сауғалап, өзге елге ауып кеткен. Ал отанында қалған азаматтар гуманитарлық көмекке мұқтаж.

Ариф Хусейн, БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының бас экономисі

- Коронавирус пандемиясы, валютаның құнсыздануы, босқындар мәселесі ашаршылықтың етек жаюына әкелді. Адамдардың тамақтан тарыққаны сонша жоқшылықтан қайтыс болып жатыр.

 Аштық пен азық-түлік тапшылығының алдын алу – барлық адамзатқа қажетті қадам. Ол үшін тиімді әрекет етіп, қаржылай қолдау көрсету аса маңызды.

Сондай-ақ...