Uzauto Motors компаниясының өкілдері көліктер сапасына қатысты сынға жауап берді

Өзбекстанда жасалған автокөліктер халықаралық стандартқа сай. Uzauto Motors компаниясының өкілдері көліктер сапасына қатысты әлеуметтік желілерде жарияланған сынға жауап берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зауыт мамандары видеороликтер асыра сілтеу дейді.

Өзбекстанда жасалған көлік иелері әлеуметтік желілерде дәл осындай видеороликтер жариялаған еді. Uzauto Motors өкілдері оларға қатысты мынадай пікір айтты.

Владимир Осетров, Uzauto Motors АҚ сапаны бақылау бөлімінің басшысы:

– Әркім есікті әртүрлі жабады. Сапасына және оның халықаралық талаптарға сай екеніне келетін болсақ, оны мына құрылғымен тексереміз. Қажетті күшпен итеретін болса, барлық есік кедергісіз жабылады. Біз мұны қатаң бақылауда ұстаймыз.

Кепілдік бойынша қызмет көрсету ұзақтығына қатысты да компанияның өз уәжі бар. Бұл жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуі үшін қажет.

Рустам Ражабов, Uzauto Motors АҚ бас директорының міндетін атқарушы:

– Көліктегі ақаудың себебін анықтауға уақыт керек. Ол үшін сапасын бақылайтын мамандар мен инженерлер жұмылады. Егер ақау себебін анықтау қиынға соғып жатса General Motors-тың АҚШ, Корея немесе Бразилияда отырған инженерлерімен байланысып кеңес аламыз.

Сондай-ақ General Motors-тың стандарттарына сай болу үшін алып корпорацияның мамандары Өзбекстанға келіп, сапаны үнемі өз көзімен көріп отырады.

Джон Нинотти, General Motors корпорациясының өндіріс бойынша кеңесшісі:

– Биыл бұл зауыт бізден BIQ4 сапасын растайтын сертификат алды. Бұл Өзбекстанда жасалған автокөліктердің әлемдік стандарттарға сай екенін дәлелдейді. Күн сайын оған өзім де көз жеткізіп жүрмін. Uzauto Motors өнімдері General Motors талаптарына сәйкес жасалған. Біз сапаны жақсарту мақсатында жоспарды бірлесе жүзеге асырып жатырмыз.

Зауыт басшылығы кейбір автокөліктерде ақау болатынын мойындайды. Бірақ биыл шығаратын 300 мың көлікте кем-кетігі әлдеқайда аз болатынына уәде берді.

Талғатбек Әбдіқожа, Асхат Ниязов

Сондай-ақ...