Парижде карантиннің сақталуын полиция қадағалайды

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 119 жарым миллион адамға жетті.

Алғашқы үштікте бұрынғыша АҚШ, Бразилия мен Үндістан тұр. Ал Франция астанасы Парижде шектеу шараларын бақылау күшейді. Санитарлық талаптардың сақталуын енді полицейлер қадағалайды. Олар тұрғындардың бетперде таққанын және арақашықтық сақтағанын бақылайды. Кешкі сағат алтыдан кейін басталатын коменданттық сағат ережелерінің бұзылмауы да қатаң назарда болады.

Лоханн, Париж тұрғыны:

- Бақылау тізгінін полицейлердің өз қолына алғаны кей жағдайда шынымен пайдалы болуы мүмкін. Себебі көптеген адам сақтық шараларына мән бермейді, оларға ешкім ештеңе демейді.

АҚШ-тың Калифорния штатында «Тесла» компаниясының 450-ге жуық қызметкері коронавирусқа шалдықты.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, карантин мен биліктің тыйым салғанына қарамастан зауыт былтыр індеттің нағыз өршіген кезінде де жұмысты тоқтатпай жалғастыра берген. Бұл кәсіпорында шамамен 10 мыңдай адам еңбек етеді.