COVID-19: Францияда науқастар басқа аймақтарға жіберіліп жатыр

Франция астанасының маңайындағы ауруханалар коронавируспен ауырған науқастар нөпіріне төтеп бере алмай жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Ассошиэйтед Пресс» агенттігінің хабарлауынша, билік жағдайды реттеу үшін індет жұқтырғандарды аймақтарға жіберіп әлек. Осылайша орташа алғанда күніне 6 адамнан тасымалдануда. Бұдан басқа, науқастарды жылдам жеткізу үшін арнайы жүрдек пойыз іске қосылмақ. Айта кетейік, Францияда қазір вирусқа шалдыққандардың 60 проценттен астамы «британиялық» штаммды жұқтырған.

Габриэль Атталь, Франция үкіметінің ресми өкілі:

– Жағдай өте қиын. Бірақ ауруханаларға түскен салмақты азайту үшін бар күш-жігерімізді жұмсап жатырмыз. Азаматтарымызға көмек қажет кезде қол ұшын созамыз деп әуелден уәде бергенбіз. Сондықтан науқастарды аймақтардағы басқа ауруханаларға апару – өте маңызды іс.