Грузия халқына AstraZeneca вакцинасын салып жатыр

Грузияға індетке қарсы «АстраЗенека» вакцинасының алғашқы 43 мың дозасы жеткізілді. Енді елде жаппай екпе егу науқаны басталды. Ұлттық жоспарға сәйкес, бірінші кезеңде медициналық қызметкерлер, қарттар және созылмалы ауруы бар адамдар екпе қабылдайды. 

Грузияда эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Елде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермес үшін алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Ұлттық ауруларды бақылау және қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басшысы Амиран Гамкрелидзе мәлімдеді.

Гамкрелидзенің айтуынша, 26 екпе егу бөлмесі мен жедел топтар құрылған.

Амиран Гамкрелидзе, Ұлттық ауруларды бақылау және қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басшысы:

- Бүгін елге халықаралық COVAX бағдарламасы аясында коронавируске қарсы «АстраЗенека» вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді. Жоспар бойынша Тбилисиде 10 екпе егу орталығы болады, Кутаиси мен Батумиде төртеу, Рустави мен Зугдидиде екеу, ал басқа аудандарда біреуден. Осылайша бір аптадан кейін вакциналау процесі елдің барлық муниципалды орталығына таралады.

Грузия туризм саласына тәуелді мемлекет. Екпе елдің экономикасын тез арада қалпына келтіруге жол ашты.

Айта кетейік, тұрғындарды вакцинамен Біріккен Ұлттар Ұйымының ЮНИСЕФ Балалар қоры қамтамасыз етті.

Эми Кленки, ЮНИСЕФ қоры өкілінің орынбасары:

- Екпе халықты індеттен қорғайды деген үміттемін. ЮНИСЕФ Грузиядағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға үлес қосқаны үшін өте қуанышты. Жыл сайын ЮНИСЕФ қоры 2 миллиардқа жуық вакцина сатып алады.

Сондай-ақ жергілікті билік екпе өндіретін бірнеше компаниямен келісім-шарт жасаған. Мәселен, алдағы апталарда елге американ-германиялық «Пфайзер» вакцинасының 30 мың дозасы жеткізіледі.

Авторлар: Әнел Еділқызы, Юлия Тужилкина