Италияда коронавирус кесірінен әйелдердің басым бөлігі жұмыссыз қалды

Бүгінде Еуропада 3 млн астам жас буын өкілдері жұмыссыз жүр. Қос бүйірден қысқан коронавирус пандемиясы жағдайды ушықтырып барады. Сарапшылар жұмыссыздық мәселесі ұзақ мерзімге созылып, өзге проблемалардың туындауына түрткі болуы мүмкін деп болжайды. Мәселен, қазірдің өзінде жұмыспен қамтылмаған аяқ-қолы балғадай жастардың депрессия мен психикалық ауытқуларға ұшырауы байқала бастады. Жағдайды оңалту үшін Еуроодақ қазынадан 22 млрд еуро бөлді. Бағдарлама алдағы 7 жыл ішінде жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған. Оған сәйкес көмек сұрап келген әр адамға 4 айдың ішінде жұмыс істеу, оқу немесе тәжірибеден өту мүмкіндігі беріледі.

Гунтрам Вольф, экономист:

- Бөлінген қаражат жеткіліксіз. Биліктің бұл бастамасын жастардың өзі қолдау керек. Жұмыссыздық мәселесі тез арада шешіле қоймайтынына көзіміз жетті. Соңғы қаржы дағдарысынан кейін жастар арасындағы жұмыссыздық 5 жылдан кейін ғана қалпына келе бастады. Бұл түйткіл кез келген саясаткердің бас аурына айналғаны сөзсіз. Оны бірлесе отырып қана шеше аламыз.

Экономикалық әл-ауқаты мықты Германияда жұмыссыздық деңгейі рекордтық көрсеткішке жетті. Қазір екі жарым млн неміс азаматы бос жүр. Жұмыссыздық деңгей 0,6 процентті құрайды. Бұндай көрсеткіш соңғы 30 жылда алғаш рет тіркелді.

Франк-Юрген Вайзе, Еңбек мәселесі бойынша мекеменің басшысы:

- Жұмыссыздар саны орта есеппен 2 млн 700 мың адамға жуықтады. Соңғы рет мұндай көрсеткіш 1991 жылы болған еді.

Ал Италияда пандемия басталғалы 200 мыңнан астам әйел қауымы шектеу шараларының кесірінен нәпақасынан айырылып қалған. Жаһандық экономикалық дағдарыстан әлі күнге дейін ес жимаған Италияға пандемия жығылғанға жұдырық болды. Статистика бойынша қысқартылған 456 мың жұмыс орнының 249 мыңында нәзік жандылар еңбек еткен. Олардың қатарында даяшы, сатушы мен бала күтушісі көп. Ал мүлдем жойылған 101 мың кәсіптің 99 мыңын әйелдер тізгіндеген екен. Оған қоса оқу үрдісінде енгізілген онлайн білім алу жүйесі аналар үшін оңай соқпады. Көбі жартылай жұмыс уақытына көшуге, кейбіреулеріне тіпті жұмыстан шығуға мәжбүр болды.

Джулия Фалуччи, кәсіподақ өкілі:

- Бұрын балалар балабақша мен мектептерде болғанда әйелдер алаңсыз жұмысын істеп жүретін. Пандемия басталғалы жағдай күрт өзгерді. Оқу орындары мен балабақшалар карантинге жабылған соң балалар қараусыз отыра алмады. Сондықтан көптеген нәзік жандылар жұмыстарынан шығып кетті.

Жуырда АҚШ Конгресі ел экономикасына көмек көрсету мақсатында 1 трл 900 млрд доллар қаржы бөлу туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл сома американдықтарға бір реттік жәрдемақы ретінде беріледі. Жергілікті халық бұның өзі көмек десе де мұндай жәрдем ай сайын берілуі керек деген пікірде.

Чарльз Хьюли, Нью-Йорк тұрғыны

- Үкіметтен сәл де болса көмек болып тұр. Алайда жұмыссыздық мәселесін шешу үшін өзге де шараларды қолға алу керек. Бір реттік көмек аса сезілмейді. Жәрдемақы ай сайын бөліну керек. Өйткені табыс көзі жоқ жастар күн өткен сайын артып жатыр. Алдағы уақытта күнімізді қалай көреміз.

Қатаң карантиндік шектеулерден кейін жас аналардың жұмысқа қайта оралуы қиындық туғызды. Мәселен, кез келген уақытта эпидахуалдың ушығуына байланысты балабақшалардың карантинге жабылып қалу қаупі бар. Бұл тұрақсыздық жұмыс табуға да кедергі келтіруде.

Кэти, 5 жасар баланың анасы:

- Жағдайыңды түсінетін жұмыс берушіні кездестіру оңай емес. Әрине қашықтан жұмыс еңбек етуге болады. Бірақ бұндай мүмкіндік екінің біріне берілген жоқ. Сондықтан жұмыс істеу үшін тұрақтылық керек. Пандемия жағдайында еңбек ету оңай болмай тұр.

 Ал статистика бойынша былтырғы ақпан айынан бастап ағымдағы жылдың қаңтарына дейін АҚШ-та 2,5 млн әйел нәпақасынан айырылса, 1 млн 800 мың ер азамат жұмыссыз қалған екен.