Брюссельде шектеулерге қарсы шеру өтті

Бельгия астанасында карантинге қарсы шеру өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған кәсібі тұралап қалған мейрамхана иелері қатысты.

Осылайша, көшеге шыққан жұрт Үкіметтен шектеулерді алып тастауды талап етті. Айтуларынша, карантин кесірінен мейрамханалар шығынға белшеден батып жатыр. Шектеу шаралары бизнес иелерін қандай күйге жеткізгенін көрсету үшін шерушілер тұтқын формасын да киіп шыққан.

Блиц 1:

- Эпидемияға дейін күндік табысымыз 2,5 мың еуро шамасында болатын. Ал қазір банкротпыз деуге де болады. Себебі табыс жоқтың қасы.

Блиц 2:

- Мұнда өз командаммен бірге келдім. Біздің жұмыс істемей отырғанымызға бір жыл болды. Сондықтан мейрамханаларды ашуды талап етеміз. Билік коронавирустың таралуымен байланысты проблемаларды шешуі тиіс.

Бұдан бөлек, мажар халқы да көшеге шығып, карантинге қарсылық білдірді. Мыңдаған адам парламент ғимараты алдына жиналып, қарашада қабылданған шектеулерді алып тастауды талап етті.

Айта кетейік, елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты өткен аптада Венгрия билігі карантиндік шектеулерді тағы да күшейткен болатын.