Монархия абыройын төккен даулы сұхбат. Тұрғындар пікірі қандай?

Америкалық СBS телеарнасында Гарри ханзада мен Сассекс герцогинясы Меганның сұхбаты көрсетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлыбритания халқы оны келесі күні көріп, жағаларын ұстады. Кезінде корольдік отбасы мүшелері арасынан дәл осылай тек Диана ханшайымның ашылып сөйлегені белгілі. Гарри мен Меган Букингем сарайындағы нәсілшілдік, ата-аналарымен қиын қарым-қатынастар, тіпті өз-өзіне қол жұмсамақ болғаны туралы да айтып берді.

Ұлыбританияда қоғам нәсілшілдікке төзбеушілікпен қарайды, бұл – мемлекет саясатының бір бөлігі. Кенет тері түсіне байланысты кемсіту туралы басқа емес, британиялық корольдік отбасы мүшелері айта бастағанда көпшілік аң-таң болды. Және Гарри мен Меган нәсілшілдер деп өзгені емес, өз туыстарын айыптады. Шешесі афроамерикалық герцогиня «тұңғыш ұлының терісінің түсі қаншалықты қара болатындығы» туралы әңгімелер естігенін мәлімдеді.

Гарри ханзада:

– Кімнің аузынан шыққанын мен ешқашан айтпаймын. Бірақ ол кезде өзімді ыңғайсыз сезіндім.

Меган Маркл, Гарри ханзаданың жұбайы:

– Мен өз-өзіме қол салу туралы ойлана бастадым. Адам шошырлық бұл ой мені ұзақ уақытқа дейін жібермей қойды.

Сұхбат эфирге шыққаннан кейін журналист Опра Уинфри бұл айыптауларға патшайымның қатысы жоқ екендігін нақтылады. Ерлі-зайыптылар даулы сұхбатында әжесі Елизавета екінші туралы бір ауыз жағымсыз сөз айтпады. Бірақ басқа туысқандары туралы тоқтамай сөйледі. Гарри корольдік отбасы мүшелерін бір жылы сөз айтуға жарымайтын мейірімсіз жандар деп суреттеді. Әйелі екеуі АҚШ-қа көшу туралы шешім қабылдағанда әкесі Чарльз ханзада қоңырауларға жауап беруді доғарыпты. Ал британиялықтардың сүйіктісі Кейт Миддлтон дөрекілік танытып, Меганды жылатқан кездер де болыпты. 

Дау қарқын ала бастаған сәтте Ұлыбритания патшайымының өзі пікір білдіруге мәжбүр болды. Жарияланған мәлімдемеде Гарри мен Меганның соңғы бірнеше жыл ішінде көрген қиындықтары туралы ақпаратты корольдік отбасы қайғыра қабылдағаны айтылған. Нәсілшілдікке байланысты мәселе жеке қарастырылатын болады делінген патшайымның хабарламасында.

Жаңалық бүкіл британиялық қоғамның, Батыс басылымдары мен корольдік отбасы бойынша сарапшылардың ең көп талқылаған тақырыбына айналды. Тарихшылар бұл дауды корольдік отабасында соңғы 85 жылда, яғни Эдуард VIII патша неке үшін тақтан бас тартқалы бері болмаған дағдарыс деп бағалады.  

Пенни Джунор, корольдік отбасы бойынша сарапшы:

– Мен бұл отбасы мүшелері жайлы соңғы 40 жыл бойы жазып, зерттеп келемін. Бірақ ешбірінен нәсілшілдікке байланысты бір ауыз сөз естімедім. Нәсілшілдікке ұқсайтын ештеңе көрмедім де. Сондықтан бұл жаңалықты қабылдау мен үшін өте қиын.

Соңғы сауалнама қорытындыларына сәйкес, сұхбаттан кейін егде жастағы британиялықтар арасында Гарри ханзада мен Меган Марклдың танымалдылығы бұрын-соңды болмаған деңгейге түсіп кетті. Әлеуметтік зерттеуге қатысушылардың көпшілігі жас жұбайлар туысқандарын ұятқа қалдырды деп жауап берген.

Ер кісі:

– Меніңше, көптеген халықтың патшайымға деген құрметі ерекше. Чарльз ханзада да оның орнын басып, патша болғалы тұр. Монархия ескінің сарқыншағы болғанымен, солардың арқасында мемлекет нығайып отыр. Мен корольдік отбасыны қолдаймын.

Ер кісі:

– Біз демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ал монархия меритократия негіздеріне сүйенбейді. Корольдік отбасындағылар тойынғаннан ойларына келгенді істеп жатыр деп ойлаймын.

Бір жыл бұрын ерлі-зайыптылар ресми түрде монарх отбасының ресми мүшелері өкілеттігінен бас тартқан болатын. Америкаға көшіп, жоғары мәртебелі корольдік отбасы мүшесі атағынан да айырылды. Даудан кейін түсінікті себептермен монархия қарсыластарының белсенділігі арта түсті. Олар билік формасын өзгертуге байланысты талқылауды қайта жандандыруды талап етіп жатыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы