Қытайда баспана қымбаттап барады

Қытайда ақпан айында жылжымайтын мүлік бағасының өсуі жалғасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бейжің, Шанхай және Гуанчжоу секілді алып шаһарларда жаңа пәтерлер жарты процентке қымбаттады. Бұл өткен аймен салыстырғандағы көрсеткіш. Жалпы жылжымайтын мүліктің бағасы үш жыл бойы үнемі өсіп келеді. Қытай үкіметі «пәтерлерді алыпсатарлық мақсатта емес, онда тұру үшін сатып алу керек» дейді.

70-жылдары Қытайда отау құру үшін жастардың меншігінде сағат, велосипед және тігін машинасы болу маңызды еді. Ал 40 жыл өткеннен кейін отбасыға қажетті құндылықтар өзгерді. Енді ең басты дүние баспана, көлік пен қаражат. Мәселен Бейжің қаласында ауданы 70 шаршы метр пәтердің бағасы бір миллион доллар төңірегінде. Оны сатып алу үшін отбасы орта есеппен 30 жылдай ақша жинауы керек. Соңғы 20 жылда Қытайда үй бағасы 5 есе қымбаттаған. Ал Бейжің қалаласында 2002 жылы бір шаршы метрдің құны 4500 юань болса, 2020 жылы 58 мыңға дейін көтеріліп кетті. Бұл 9 мың доллармен шамалас сома. Мамандар «жылжымайтын мүлік нарығындағы алыпсатарлық пен ипотекалық несие бойынша жоғары проценттер дағдарысқа әкелуі мүмкін», дейді.

Го Шуцин, ҚХР Орталық банкі партия комитетінің жетекшісі:

- 2020 жылы тұрғын үй нарығында несие беру қарқыны бәсеңдеді. Бұл соңғы сегіз жылда алғаш рет болып тұр. Сондай-ақ жер мен жылжымайтын мүлік бағаларын тұрақтандыру үшін түрлі шаралар қабылдап келеміз. Осы нарықтағы мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр. Алайда баспананы инвестиция ретінде немесе алыпсатарлық мақсатта сатып алу бізді қатты алаңдатып отыр.

Биылдан бастап билік жастарды баспанамен қамту мәселесіне ден қоя бастады.

Жастарға әсіресе, ірі шаһарларда пәтер сатып алу қиын. Сондықтан үкімет жалға берілетін тұрғын үйлерге басымдық бермек.

Сунь Гоцзюнь, ҚХР Мемлекеттік кеңесі зерттеу институтының сарапшысы:

- Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуде бірқатар мәселе бар. Бір жағынан біз жалдамалы үйлердің құрылыс қарқынын арттырамыз. Азаматтарға жер телімдерін беру мен арнайы қаржыландыру бойынша қолдау көрсетіледі. Екінші жағынан осы саладағы ұзақмерзімді саясатты жақсартып, жалдау құнын бақылау қажет.

Қазір қытайлық жастардың отбасын құруға асықпауының бірден бір себебі тұрғын үй мәселесі болып тұр. Осыған байланысты ел билігі азаматтарды шаңырақ көтеріп, балалы болуға ынталандыру үшін түрлі шараларды қолға ала бастады. Соның бірі – баспана мәселесі. Бұдан бөлек, Қытай үкіметі елдегі урбанизация көлемін 65%-ке жеткізбек ниетте. Бұл қалаға қоныс аударатындар қатары көбейе түседі деген сөз.

Авторлары: Ботагоз Сыргабаева, Владимир Грабарь