Еуропада коронавирустың үшінші толқыны басталды

Мұны Италия, Франция, Германия, Чехия, Венгрия мен Австриядағы деректер айғақтайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл елдерде эпидемиологиялық ахуал күн санап нашарлап барады. Билік шектеу шараларын күшейте бастады.

Мамандар оны коронавирустың жаңа мутацияларымен байланыстырып отыр. Сондай-ақ қазіргі жағдайға вакциналау науқанының нашар жүргізілуі де әсер еткен дейді.

Францияда коронавирусқа байланысты күнделікті өсімнің 20 мыңнан түспей тұрғанына жарты ай болды. Сол себепті билік эпидемиологиялық ахуалы нашар өңірлерде коменданттық сағат енгізіп, шектеу шараларын күшейтті. Әсіресе ел астанасы Париждегі ахуал күрделі. Мұнда қазір әр 12 минут сайын жансақтау бөліміне коронавирус жұқтырған бір науқас түседі. Мамандар мұндай жағдай былтыр қарашадан бері алғаш тіркеліп отырғанын айтады. Париждегі ауруханаларда орын жетіспей, кейбір науқастар ұшақпен көрші өңірлерге жеткізіле бастады. Енді дәрігерлер биліктен қайтадан жалпыұлттық локдаун енгізуді сұрап отыр.

Бруно Рио, Париж мемлекеттік ауруханаларындағы кризистік жағдайларды бақылау басқармасының директоры:

– Коронавируспен күресте бұған дейін ұстанып келген стратегиямыз жаман емес-тін. Бірақ жаңа мутациялар тез тарап барады. Әсіресе британдық штамды жұқтыру деректері көп. Сол себепті стратегияны өзгерту қажеттігі туындады.

Джереми Букау, Париж тұрғыны:

– Қазір 2021 жылдың наурыз айы. Пандемия былтыр осы кезде басталған еді. Бір жыл өтсе де, жағдай түзелмей отыр. Жансақтау бөлімінде науқас көп. Не боларын ойласам, төбе шашым тік тұрады. Бұл пандемияның бітетін түрі бар ма өзі?

Италиядағы жағдай да қиын. Коронавирус жұқтырғандар саны күрт артып барады. Сол себепті билік елде бар өңірлердің төрттен үшін қызыл аймаққа жатқызып, қатаң карантин жариялады. Шектеу шаралары 6 сәуірге дейін жалғасады. Сөйтіп, қызыл аймақтағы мектептер мен жоғары оқу орындары жабылады. Мейрамханалар мен барлар қонақтар қабылдамайды. Тамақты тек өзімен бірге әкетуге болады. Негізі өткен аптада мұнда 150 мың адамның тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен. Сондықтан жергілікті ауруханалардың жартысынан астамы шамадан тыс толып кеткен. Ал биліктің бірқатар өңірде қатаң карантин жариялауына қатысты халықтың пікірі қақ жарылды.

БЛИЦ:

– Қазіргі локдаун – бұған дейінгі үкіметтің әрекетсіздігінің нәтижесі. Солардан көп қателік кетті деп ойлаймын. Бірақ билік жаңа мутациялардың осылай көбейіп кетерін де білген жоқ. Түсінгенім, әркім жауапкершілікті өзінен бастау керек. Қазіргі жағдайда вируспен күресудің бірден бір жолы осы деп ойлаймын.

– Локдаун енгізілгені дұрыс болды. Мен өзімді қауіпсіз сезінемін. Негізі, билік осы жағдайға жеткізбей-ақ, қатаң шектеу шарасын ертерек жарияласа да болар еді деп ойлаймын.

Австрияның денсаулық сақтау министрі елде коронавирустың үшінші толқыны басталғанын жария етті. Осы ретте билік өңірлерде бақылау-өткізу бекеттерін қойды. Сондай-ақ тұрғындарды өзге аймаққа кірерде тест тапсыруға міндеттеді. Негізі, елдегі эпидемиологиялық ахуал осы айда нашарлады. Өйткені карантин жеңілдетілген. Сөйтіп қазір күнделікті өсім 3 мың шамасында. Ал қатаң карантин кезінде, мәселен, ақпанда бұл көрсеткіш 2 мыңның маңайында болатын. 

Венгрияда өткен аптадан бері тәуліктік өсім рекордтық көрсеткішке жетті. Мамандарды мына жайт алаңдатып отыр. Біріншіден, вирус бұрынғыдан гөрі тез тарап барады. Екіншіден,  жұқтырғандар арасында жастар көп. Үшіншіден, ауруы асқынған науқастар көбейген. Негізі Венгрияда былтыр қарашада енгізілген коменданттық сағат әлі күші жоймады. Мейрамханаларда тамақты тек өзімен бірге әкетуге ғана болады. Яғни іште отыруға рұқсат жоқ. Жоғары сынып оқушылары мен студенттер қашықтан білім алады. Ал енді ахуалдың ушығуына байланысты шектеу шаралары одан әрі күшейтілді. Мәселен, бастауыш мектептер мен балабақшалар жабылды. Дүкендердің көбі жұмысын тоқтатты. Бірақ бұған қарсы болған біраз тұрғын, ереуілге шықты.

БЛИЦ:

– Биліктің бұл шаралары Венгрияны күйретіп барады. Олар біздің құқығымызды шектеп отыр.

– Маған мемлекеттің көмек ретінде берілген болмашы ақшасы керек емес. Үкімет дүкендерді ашсын. Сонда ақшаны өзіміз-ақ тауып, өз күнімізді өзіміз көреміз.

Ереуіл Бельгия мен Нидерландта да өткен. Ал билік халықты шыдамдылық танытуға шақырып отыр. Күтіңіздер, болашақта вакциналау өз нәтижесін береді дейді. Бірақ біраз елде бұл науқан жоспарланған мерзімнен кешігіп отыр. Мәселен, Италия билігі биыл қазанға дейін халықтың 80 процентін екпемен қамтамасыз етеміз деп отыр. Алайда осы күнге дейін тұрғындардың тек 3 проценті ғана вакцина алған екен. Екпе демекші, «АстанаЗенека» препаратын салуды уақытша тоқтатқан елдердің саны 20-ға жуықтап қалды. Өйткені оның қауіпсіздігіне қатысты мәселе көбейген. Кейбір елдің өкілдері вакцинаны салдырған науқастарда тромбтар пайда болды деп хабарлаған. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екпе салу жұмыстарын тоқтатпауға шақырды. Олардың айтуынша, препарат пен тромбтардың пайда болуы арасында байланыс барын растайтын нақты дәйек жоқ. Бүгін мамандар осы мәселеге қатысты отырыс өткізуге тиіс.