БҰҰ: Сириядағы қантөгіс – тарихтағы трагедияға толы тараудың бірі

2011 жылдан бері күллі әлемнің назары Сирияда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені ел аумағында әлі күнге дейін бір-біріне бағынбайтын қарулы топтар қан төгіп жатыр. Бүгінде Сирия тек аймақтық күрес алаңы ғана емес, мүдделі тараптардың араласуымен жүріп жатқан жаһандық күрестің ошағына айналған. Бірақ оның зардабын, өкінішке қарай жергілікті халық тартып отыр. Қираған үй, жайраған өлік, босқан жұрт.

Таяу Шығыстағы тұрақсыздық қазір тұтас дүниені алаңдатып отыр. Әуелде ел президенті Башар Асад режиміне қарсы көтерілістен басталған қақтығыс кейін мақсат-мүдделері әртүрлі топтардың соғысына айналып, аймақтағы ахуал ушығып кетті. Бүлік шыққан елге бейбітшілік орнатамыз деп бірқатар мемлекет әскер кіргізгенімен, ол да айтарлықтай нәтиже бере қоймады. Тіпті бейбітсүйгіш БҰҰ-да бұл мәселеде үлгі бола алмады.

Геир Педерсен, БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы өкілі:

– Әлем Сирия халқына көмектесе алмады. Мен БҰҰ атынан осы бір жантүршігерлік жағдайды тоқтата алмағанымызға өкінішімді білдіремін.

Сириядағы азаматтық соғыс ең алдымен қарапайым халықты сорлатты. Берекесін қашырды. БҰҰ-ның ресми мәліметі бойынша осы күнге дейін 6,5 миллоннан астам сириялық шетелден пана іздеп, 130 елге босып кеткен. Ал талай тауқыметке төзіп, атамекенінде қалған 13 миллионға жуық азамат гуманитарлық көмекке зәру.

Геир Педерсен, БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы өкілі:

– Сириядағы қантөгіс – тарихтағы трагедияға толы тараудың бірі болып қалатыны хақ. Ал Сирия халқы осы нәубеттің құрбаны екені сөзсіз. Мен бұл елдегі соғыстың басталғанына 10 жыл толуына байланысты зұлмат құрбандары мен осы жылдары неше түрлі қайғы-қасіретті бастан өткеріп, табандылық танытқан сириялықтарды еске алғым келеді.

Осы мәселеге байланысты Рим Папасы да тараптарды Сириядағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуге шақырды. Франциск өз үндеуін Ватикандағы Әулие Петр алаңында жүздеген адамның алдында жасады.

Франциск, Рим папасы:

– Осыдан 10 жыл бұрын Сирияда қанды қақтығыс басталды. Ол біздің заманымыздағы ең алапат гуманитарлық апат болды. Соның салдарынан қаншама адам мерт болды, қаншасы жарақат алды. Миллиондаған тұрғын пана іздеп, шетелге қоныс аударды. Мыңдағаны із-түзсіз жоғалып кетті. Осыған байланысты барлық тарап бұл шиеленісті тоқтатуға атсалысып, қарапайым халыққа үміт сыйлайды деп ойлаймын.

Осы бір 10 жыл ішінде бүлінген Сирияның бейбіт өмірге оралуына мүдделік танытқандар аз болған жоқ. Қазақ елі осы істе әлемге үлгі болды, десек артық емес. Арағайындық жасап, тараптардың басын қосты. Себебі жаһандық мәселе дипломатиямен шешілмесе, оның соңы жақсылыққа апармасы анық.

Сондай-ақ...