Португалияда балабақшалар мен бастауыш сыныптар ашыла бастады

Әлемнің кей елдерінде сабақ басталып, оқу орындары ашылып жатса, кейбіреулері керісінше, қара құлып салып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Португалияда балабақшалар мен бастауыш сыныптар ашылып, 700 мыңға жуық бала сыныптастарымен қауышты. Ал Әзербайжанда ұстаз вирус жұқтырып, Бакудегі бірнеше мектеп карантинге жабылды. Ал, АҚШ көктемгі демалыста мұғалімдерге екпе салуды мықтап қолға алмақ.

Португалияда эпидахуалдың оңалуына байланысты жалпы ұлттық локдаун режимі біртіндеп алына бастады. Осыған орай аймақтағы 700 мыңға жуық балғын балабақша мен бастауыш сыныпқа оралған. Елде шаштараздар ашылып, кітапханаға баруға да рұқсат берілді.

Ана Айрес, Лиссабон тұрғыны:

- Карантин кезінде ата-аналар үйде отырып жұмыс істесе, балалар үйде білім алды. Әрине, бәрімізге де оңай болған жоқ. Мектептер ашылғанымен, балалардың қауіпсіздігі алаңдатады. Оқушылар мен мұғалімдердің барлығы әлі де тесттен өткен жоқ. Екпе салдырғандар да аз.

***

Ал, АҚШ-тың Хьюстон қаласында ұстаздар көктемгі демалыста жаппай коронавирусқа қарсы вакцина қабылдайды. Техас штатындағы шектеу шаралары жеңілдетілгеннен кейін аймақта екпе егуге арналған арнайы клиникалар ашыла бастады. Ғалымдар алдағы уақытта мектеп қабырғасына оралатын балалардың санын арттыру керек деген пікірде. Мәселен мамандардың жүргізген зерттеуінен кейін «балалар арасындағы арақашықтықтың 90 см-ден аз болмауы керек» деген қорытынды жасалды. Ал кәсіподақ мектеп қызметкерлерінің барлығы егілмейінше офлайн оқуды бастауға қарсы. Бұл тарап әр сыныпта желдету жүйесі қойылу керек деген талап қойды.

Мерри Наджими, мұғалімдер қауымдастығының президенті:

- Массачусетсте ғалымдардың жүргізген зерттеуінен кейін қауіпсіз арақашықтық 6 футтан 3 футқа дейін қысқарып қалды. Сонда бір сыныпта отыратын балалардың саны көбейетін болады. Есесіне, вирус жұқтыру қаупі де артады. Сондықтан білім беру мекемелері ашылмас бұрын санитарлық нормалар қатаң сақталу керек. Ол үшін тиісті жағдай жасалуға тиіс.

Әсел Сүлейменова, Массачусетс штатының тұрғыны:

- Балалар өзінің ұжымымен қарым-қатынас жасау керек деп ойлаймын. Егер қауіп болмаса, ғалымдардың зерттеуіне сенім арту керек деген пікірдемін.

***

Ал Бакудегі бірнеше мектепте мұғалімдер коронавирус жұқтырған. Осыған орай жергілікті билік аймақтағы 5 мектепті карантинге жауып тастады. Қазір ондаған мұғалімге COVID-19 диагнозы қойылған. Бүгінде елдің 316 мектебінде білім алып жатқан 456 мың оқушыға 28 мың ұстаз білім береді. Биліктің жаңа талабына сәйкес енді 50 жастан асқан мұғалімдер жаппай екпе алуға тиіс.