COVID-19: Бразилияда өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіші тіркелді

Бразилияда соңғы бір күнде 2 мың 841 адам коронавирустан көз жұмды. Бұл – індет басталғалы бері тіркелген өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіші, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ елдің Денсаулық сақтау министрі бразилиялықтар қалыпты өмір сүреді деп санитарлық жағдайды оң бағалады. Оның сенім артып отырғаны – AstraZeneca вакцинасы. Елге аталған екпенің 1 миллион дозасы жеткізілді. Министрдің өзі осы екпені салдырған. Ал Панамерикалық денсаулық сақтау халықаралық ұйымының өкілдері Бразилиядағы қазіргі эпидемиологиялық жағдай сын көтермейді деп дабыл қағып жатыр.

Карисса Етиенне, Панамерикалық денсаулық сақтау ұйымының директоры:

– Бразилиядағы жағдайдан біз сабақ алуымыз керек. Бұл вирусты бетімен жіберуге болмайды. Жағдайды денсаулық сақтау саласына жауапты мекемелер мен лауазымды тұлғалар үнемі бақылауда ұстап, тұрғындарды қорғауы керек.