Ливанда экономикалық дағдарыс тереңдеп барады

Ұлттық валюта бір АҚШ долларына шаққанда 15 мыңға бағаланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша ливан фунты соңғы 2 аптада 3 мәрте құлдырап, 2019 жылдан бері 90 процентке құнсызданған. Сату тиімсіз болғандықтан көптеген кәсіпкерлер азық-түлік дүкендерін уақытша жауып тастады. Тіпті коронавирус кезінде үлкен сұранысқа ие болған онлайн тапсырыс қабылдау да тоқтатылды. Осының кесірінен араб мемлекетінде тамақ тапшылығы туындауы мүмкін. Ливанның Азық-түлік импорттаушылар ұйымы басшысының мәлімдеуінше, елде тек 2 айға ғана жететін азық-түлік қоры бар. Себебі сырттан келетін тауар үшін есептесуге қажетті америкалық доллар өте тапшы. Валюта айырбастау нарығы тығырыққа тірелген. Ал елдегі Наубайханалар ұйымының вице-президенті алдағы уақытта бір тілім нан табу да мұңға айналатынын ескертті. Өйткені Ливан барлық ұн өнімін шетелден алдырады.

Набил Фахид, супермаркет иелері ұйымының басшысы:

- Супермаркеттер жабылып жатыр. Себебі тауар жоқ. Екінші жағынан өнімді арзанға сату – өзіңді орға жыққанмен бірдей. Біржола банкротқа ұшырағаннан гөрі дүкенді уақытша жапқан тиімді. Мүмкіндігі бар азаматтар бағаның өскеніне қарамастан тауарларды жаппай сатып алып, жанталасып жатыр. Мәселен, кеше бір ғана жерде бар болғаны 5 сағаттың ішінде барлық 20 мың литр сұйық май сатылып кеткен.

Әли Әл-Шариф, сауда қауымдастығының басшысы:

- Ел басына күн туды. Нәубет келе жатыр. Сауда саласы құрдымға кетіп барады. Былтыр індет басталғанда дүкендердің 25 проценті жабылған еді, ал қазір бұл көрсеткіш 50 процентке жеткелі тұр. Қарапайым халық балаларына бір тілім нан алмайтын аянышты жағдайға тап болды.