Байден миграция дағдарысын ушықтырғаны үшін айыпталды

АҚШ шекарасына Оңтүстік және Орталық Америка елдерінен ағылған заңсыз мигранттардың нөпірі күн өткен сайын артып барады. Билік өкілдері соңғы 20 жылда мұндай жағдай алғаш рет болып отырғанын айтады. Келімсектердің арасында Мексика, Гватемала мен Гондурас елдерінен шыққандар көп. Сапарға жаяулатып шыққандар жол бойы талай қиындыққа тап болады. Тіпті Мексика аумағында қарақшылардың шабуылына тап болып жатқандар аз емес. Бұл аздай қаскүнемдер ересектерді ғана емес, балаларды ұрлап жыныстық және еңбек құлдығына сатып жатыр.

БЛИЦ:

- Жерлестерімнің жолға шығар алдында мың рет ойлануларын сұраймын. Бұл айтуға ғана оңай. Шын мәнінде өлім аузынан қалай аман қалғанымызды түсінбеймін. Өзге елде өмір сүру де қиын. Басымыздан талай сынақ өтіп жатыр.

- Өте қиын. Ақшамыз да жоқ. Жолда түгімізді қалдырмай тонап кетті. Гватемаладан шыға алмай қалдық. Тіпті тәртіп сақшыларының өздері бізді тонап жатыр.

АҚШ үкіметінен саяси пана сұрағандардың қатары өткен жылдың сәуірінен бастап күрт арта бастады. Билікке Джо Байден келгелі Америка аумағына кіруді екінің бірі армандай бастады. Діттеген мақсатына жетпек болғандар сапарға шыққан соң коронавирус пандемиясы мен табиғи апаттар жағдайларын одан бетер қиындата бастады.

Мигранттарға аяушылық танытып жатқандар жоқ. Таяуда АҚШ-тың шекара бақылау қызметі 150-ге жуық босқынды Мексикаға депортациялады. Ал ақпан айында 100 мыңнан астам адам еліне қайтарылған. Тіпті шекара бекеттерінде адамның көптігінен қызметкерлер абдырап, босқындардың төлқұжатын тіркеп үлгірмей жатыр.

Рейнос аумағынан өткен соң АҚШ-қа кірдік. Алайда бізді Америка аумағынан шығарып жіберді. Ешкімнен сұрамастан көлікке отырғызып әуежайға апарды. Техас штатынан Эль Пасоға бардық. Бала-шағамызбен мыңдаған шақырымды артта қалдырып кейін қайтамыз деп ойлаған жоқпыз.

Бұл жағдай әсіресе балаларға қиын соғып тұр. Мәселен, кәмелет жасқа толмаған, заңды қараушысы жоқ балғындар арнайы орталыққа жөнелтіледі.  Бүгінде мұндай изоляторларда 5 мыңға жуық мигрант бала бар. Тәртіп сақшыларының айтуынша олар тұрған жерде еш жағдай жасалынбаған. Санитарлық, гигиеналық талаптар нормаға сай келмейді.

Кевин Маккарти, АҚШ Өкілдер палатасының депутаты:

- Мұндай дағдарыс бұрын-соңды болмаған. Балалардың тұрып жатқан жерін өз көзіммен көріп қайттым. Жасөспірімдер ата-анасыз жүр. Қастарында жанашыр жан жоқ. Алдағы тағдырлары не болады? Оларға қандай жағдай жасалынады? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Заңсыз миганттардың мәселесі өзге елдерде өзекті. Таяуда Түркияның Измир провинциясы жағалауында апатқа ұшыраған 158 мигрант құтқарылды. Таяу Шығыстан шыққан босқындар Эгей теңізі арқылы Грекияға жетпек болған екен. Абырой болғанда, адамдардың барлығы дін аман.

Осы кәрі құрлыққа жол тартқан Африка елдерінің тұрғындары да теңізде апатқа ұшырап жатыр. Гран Канария аралдарының маңында 52 мигрант Испанияға жеткізілді. Арасында жарақат алғандар бар. Дәрігерлер суық тиген қыз баланы өлім аузынан аман алып қалған. Мамандар 10 адамды ауыр халде ауруханаға жеткізді. Зардап шеккендердің алтауы бала.

Сондай-ақ...