Мексика шекарасында ресейлік вакцинаның қолдан жасалған дозалары тәркіленді

Мексиканың кеден қызметкерлері мен әскерилер ресейлік вакцинаның қолдан жасалған дозаларын тәркіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Спутник V» екпесінің жалған түрі жекеменшік ұшақпен Гондурасқа жіберілмекші болған. Бұл мәліметті Ресей билігі растады. 5700-ден астам дозадан тұратын 1155 құты 2 мұздатқышқа салынған. Ұшақта болған күдіктілер қамауға алынып, қылмыстық іс Мексиканың бас прокуратурасына тапсырылды. Бұл ел «Спутник V» екпесінің 400 мың дозасын алдырып, вакциналауды өткен айда бастаған болатын. Ал Гондурас билігі ресейлік препаратқа әлі тапсырыс бермегенін мәлімдеп, жергілікті тұрғындарға алаяқтықтан сақ болуды ескертті.

Францис Контрерас, Гондурастың денсаулық сақтау саласын бақылау агенттігінің басшысы:

- Мексикада вакцинаның жалған түрлерінің табылғаны ресми жарияланды. Сондықтан, алданып қалмаңыздар. Қолдан жасалған екпеге ақша төлеп жібермеңіздер.

Сондай-ақ Мексика коронавирус індетінің өршуіне байланысты шекараны қайта жапты. АҚШ, Гватемала және Белизбен арадағы қарым-қатынас 21 сәуірге дейін шектелмек. Бірақ мұның алыс-беріске еш қатысы жоқ.