Мексикада орман өртінен 70-тен астам отбасы қауіпсіз жерге көшірілді

Мексиканың солтүстік-шығысындағы екі штатта орман өртеніп, 70-тен аса жанұя қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Лаулаған жалын 3500-ден астам алқапты күлге айналдырды. Ондаған үй жанып кетті. Қазір тілсіз жаумен 300 өрт сөндіруші күресіп жатыр. Алайда күннің ыстық және желді болуы оны өшіруге көп кедергі болып тұр. Өрттің неден туғаны тексеріліп жатыр.

Эглантина Каналес, Коауила штатының қоршаған ортаны қорғау қызметі басшысы:

- Ауа райының қолайсыздығынан өртті сөндіруге бірнеше күн кететін шығар. Қазір біз өршіп, етек алып кетпеуі үшін шара қолдана аламыз. Бірақ лаулаған жалын екі штаттың біраз орманды алқабына жайылып кетті.