Киевте 20 наурыздан бастап қатаң карантин жарияланды

Украинада коронавирустың беті қайтпай тұр. Қайта күннен күнге өршіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәулігіне вирус жұқтырғандар саны 15 мың адамнан асты. Жалпы мемлекет бойынша 1,5 млн тұрғын ковидпен ауырған. Жиырма төрт сағатта тіркелген өлім саны 267 адамға жетті. 20 наурыздан бастап ел астанасы Киевте қатаң локдаун қайта орнайтын болады.

Аида Қыдырбай, тілші:

- 20 наурыздан 9 сәуірге дейін Киев қаласы қатаң карантин тәртібіне қайта оралатын болды. «Медициналық жүйенің коллапсы орын алмас үшін үш апта бойы локдаунды қатаң сақтауымыз керек». – дейді шаһар билігі. 9 сәуірге дейін сауда орындары, театр, кинотеатр, мейрамханалар адам қабылдамайды. Мәдени шараларға тыйым салынбақ, футбол ойындары көрерменсіз өтеді.

Виталий Кличко, Киев қаласының мэрі:

- Бір адамға 10 шаршы метрге жуық орын бөлінуге тиіс, олай болмаған күнде діни қызметке де тыйым салынады. Карантин кезінде көңіл көтеретін, спорттық, мәдени іс шараларға да рұқсат етілмейді. Қоғамдық тамақтану орындарына да шектеу бар. Тамақты тек тапсырыспен алдыруға болады. Жанармай бекеттеріндегі дәмханалар жұмыс істемейді.

Карантин кезінде қоғамдық көлік қызметін тоқтатпайды. Балабақша да жұмысын жалғастырмақ. Дей тұрғанмен, мектеп оқушылары 9 сәуірге дейін демалысқа шықты. Қала басшылығы, әсіресе, кәсіпкерлерді әлеуметтік жауапкершілікке шақырып отыр.  Ал шағын бизнес өкілдері мемлекеттен жәрдем көрмейтінін айтып шағымданады.

Виталий Кличко, Киев қаласының мэрі:

- Мемлекеттің қарамағындағы кәсіпорын мен ұйымдар қашықтан жұмыс істейді. Жеке бизнестен де мүмкіндігінше онлайн форматқа өтуін сұраймыз. Қаладағы қоғамдық көліктер кесте бойынша қызмет етеді, алайда көліктегі жолаушылардың саны 50%-ті ғана құрауға тиіс.

Андрей, кәсіпкер:

- Локдаун қабылданса да, біз ары қарай жұмыс жасаймыз, өйткені қызметшілерге айлық төлеуіміз керек. Мемлекеттен өкінішке орай, ешқандай көмек көріп жатқан жоқпыз.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Украинаның 5 облысы коронавирустың таралуы бойынша қауіпті «қызыл» деңгейде тұр. Соңғы тәулікте Украинаның екі бірдей қаласы: Львов пен Киев қатаң карантин режиміне қайта оралуға мәжбүр болды. Өйткені ковидке арналған емханалардағы төсек орындарының 70%-тен астамы науқасқа толы. Атап өту керек, Украина вакциналауды бастап кеткен. Бүгінгі күнге дейін 10 мың адам мемлекеттен тегін екпе алған.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко