Францияның 16 аймағында локдаун енгізілді

Францияда эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты үшінші рет локдаун енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ шектеу шарасы елдің бүкіл емес, дертті жұқтыру көрсеткіші қауіпті деңгейден асқан аймақтарға ғана кіргізілді. Локдаун 1 айға созылмақ. Сарапшылар індеттің күшеюін жаңа штамның таралуымен байланыстырып отыр. Әсіресе, Париж аймағында жағдай күрт нашарлап, өңірдегі Денсаулық сақтау саласына салмақ артқан. Ал жаңа тәртіпке сай азық-түлік пен тұрмысқа аса қажетті заттар сататын дүкендерге ғана жұмыс істеуе рұқсат етілген. Бір аймақтан екінші аймаққа сапарлауға тыйым салынды. Тұрғындарға далаға серуендеп шығуға рұқсат етілгенмен, үйден 10 шақырымнан ұзап шығуға болмайды. Ал жұмыс берушілер қызметкерлерінің көбін қашықтан жұмыс істеуге көшіруі тиіс. Бірақ мектептер мен балабақшалар жұмыстарын жалғастырады.

Жан Кастекс, Франция премьер-министрі:

- Бүгін індет күшейген аймақтарда енгізілген шектеулер қажеттілік туындаса, елдің бүкіл аумағында да қолданылады. Шара нәтиже беру үшін кем дегенде 4 аптаға созылады. Осы уақыт аралығында халықты вакциналаудың да оң әсерін сезіне бастаймыз деп ойлаймын.