Үндістан Ұлыбританияға AstraZeneca вакциналарын жеткізуге тыйым салды

Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі келесі айда апта сайын жеткізілетін СOVID-19 вакциналарының тасымалы «айтарлықтай кідіруі» мүмкін деп мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үндістан үкіметі Ұлыбританияға AstraZeneca вакциналарын жеткізуге тыйым салып отыр, сондықтан вакциналау науқаны да бір айға кешігуі ықтимал екен.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

Денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок жергілікті билікке жазған хатында коронавирусты жұқтыру қаупі жоғары және бірінші кезекте вакцина алуға құқығы бар адамдарды жақын күндері анықтау қажет екенін ескертті. Себебі 29 наурыздан бастап, вакцина тасымалында кідіріс болады. 50 жасқа дейінгі адамдарға екпе егу жоспарланған уақыттан ұзаққа созылуы мүмкін, деді ол. Министрдің айтуынша, Ұлыбритания қазіргі уақытта вакциналау науқанының жоспарын артығымен орындап келеді.

Мэтт Хэнкок, Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі:

– Өткен аптада біз вакцинаның тиімділігін қайта тексеру қажеттілігіне байланысты 1,7 миллион дозалық партияны ұзағырақ зерттедік. Мұндай жағдай күрделі өндірістік кәсіпорындармен жұмыс барысында жиі кездеседі және бұл біздің қауіпсіздікке ерекше мән беретінімізді көрсетеді. Сондай-ақ бізде Үндістаннан жеткізілетін AstraZeneca вакциналарының тасымалында кідіріс болып тұр.

Кей мәліметке сәйкес, вакциналау науқанының баяулауына Үндістан билігінің екпе экспортын шектеу туралы шешімі себеп болған. Бірақ үнді өндірістік компаниясының ресми өкілі Ұлыбритания үкіметімен 5 миллион доза көлеміндегі екінші траншты жеткізу мерзімі келісілмегенін айтып, кідіріс туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Айта кетейік, Біріккен Корольдікте қазір Pfizer және AstraZeneca вакциналары егіліп жатыр, ал сәуір айында бұл препараттар тізімі Moderna шығарған вакциналармен толықтырылады. Елде алғашқы дозаны 25 миллионнан астам тұрғын алып үлгерді. Бұл – ересектердің 40 проценті. Екінші компонентті 2 миллионға жетер-жетпес адам қабылдады. Ұлыбританияның медициналық бөлімдері бір дозаның өзі иммунитетті едәуір көтеріп, коронавирустың таралуын және аурудың ауыр түрде өту ықтималдығын азайтады деп мәлімдейді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы