Кәрі құрлықтың 27 елінде локдаун енгізілді

Кәрі құрлықта коронавирус дес бермей, індеттің жаңа штамдары етек жайып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан ауруханаларда науқастар қатары күн сайын артып жатыр. Қазір Франция, Чехия мен Босния және Герцогавинада карантиндік шектеулер қатаңдатылды.

Қазір әлем елдері бойынша ең көп коронавирус жұқтырғандар Еуропа елдерінде кездесіп жатыр.

Еуропада коронавирус індеті соңғы үш аптада қайта өрши түсті. Мамандар аймақта індеттің британдық штамы жылдам тарап жатқанын айтады. Статистика бойынша бір апатада шамамен 20 мыңнан астам адам көз жұмады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша британдық штам Еуропаның барлық өңірінде анықталған. Сарапшылар коронавирустың бірінші толқынын жеңіл еңсерген елдердің өзі қиналып қалғанын айтады. Қазір кәрі құрлықтың 27 елінде толық немесе жартылай локдаун енгізілді.

Ханс Клюге, ДДСҰ Еуропа бойынша аймақтық директоры:

– Індет Еуропаның орталық, шығысы мен батысында ушығып барады. Жаңа науқастардың саны 9 процентке өсті. Денсаулық сақтау саласына ауыр соққы болып тұр. Кәрі құрлықтың 53 елінің 48-інде британдық штамм тіркелді. Қазір ауруды бақылау қиынға соқты. Вакцинаға сеніп арқаны кеңге салу әлі ерте. Сондықтан босаңсымай, барынша сақтану керек.

Францияда эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты үшінші рет локдаун енгізілді. Бірақ шектеу шарасы дертті жұқтыру көрсеткіші қауіпті деңгейден асқан аймақтарға ғана қатысты. Локдаун 1 айға созылады. Сарапшылар індеттің күшеюін жаңа штамның таралуымен байланыстырып отыр. Әсіресе Париж аймағында жағдай күрт нашарлап кетті. Жаңа тәртіпке сай азық-түлік пен тұрмысқа аса қажетті заттар сататын дүкендер ғана жұмыс істейді. Бір аймақтан екінші аймаққа сапарлауға тыйым салынды. Жұмыс берушілер қызметкерлерінің көбін қашықтан жұмыс істеуге көшіруі тиіс. Алайда мектептер мен балабақшалар жұмысын жалғастыра береді.

Абдид Видад, жансақтау бөлімінің басшысы:

– Жансақтау бөліміне қайта оралдық. Өткен жылдың қазан айында дәл осындай жағдай болған еді. Қазір жағдай одан бетер қиындады. Аурудың үшінші толқынында мутацияға ұшыраған штамдар жиі кездесе бастады.

Ал Венгрияда пандемияның үшінші толқыны шарықтау шегіне жетті. Бір тәулікте 207 адам вирустың құрбаны болған. Сербиядағы жағдай да көңіл көншітпейді. Онда бір күнде 5 мыңнан астам адам індеттің ілмегіне іліккен. Қазір ауруханалардағы жансақтау бөлімдерінде бос орын қалмады.

Чехиядағы ауруханаларда да жұмыс қауырт. Медициналық мекемелер науқастарға лық толды. Қазір бұл ел 100 адамға шаққандағы ауру құрбандарының саны бойынша әлемде бірінші орында тұр. Жергілікті билік аймақтағы шектеулерді қатаңдата бастады. Карантин Польшада да күшейтіліп жатыр.

Адам Недзельский, Польшаның денсаулық сақтау министрі:

– Бір күннің ішінде тіркелген науқастардың саны 25 мыңнан асып кетті. Бұл алаңдататын жайт. Аурудың үшінші толқыны қарқын алып барады. Шұғыл тиісті шараларды қолға алуымыз керек. Локдаунды жеке өңірлерге енгізу тым кеш. Сондықтан шектеу шараларын жалпы ел аумағына жариялаймыз.

Босния және Герцеговинадағы эпидахуал мәз емес. Мамандардың айтуынша, елдегі санитарлық жағдай карантин жеңілдей салысымен тау шаңғы курорты қайта жанданғанынан кейін ушықты. Жуырда аймаққа COVID-19 індетін емдеуде өз тәжірибесімен бөлісу үшін Түркиядан бірнеше дәрігер келген. Елдегі жансақтау бөлімдерінде орын тапшылығы байқалады. Көбінің жағдайы ауыр. Дәрігерлер науқастарды жасанды желдету апараттарына қосып жатыр.

Исмет Капетанович, аурухана басшысы:

– Бұл орталық – жансақтау бөлімі. Қазір жаңа науқастарды жатқызатын жер болмай тұр. Тағы 20 адам келу керек. Жағдай күннен күнге қиындап барады. Шетелден келген әріптестіріміз қолғабыс жасап жатқаны қуантады. Тәжірибе алмасу керек.

Еуропадағы кей елдер иммунизация шарасына үміт артып локдаун еңгізбей жатыр. Ал сарапшылардың айтуынша, кәрі құрлық халқының 3 проценті ғана екпенің екі дозасын қабылдап үлгерген.