Оңтүстік Кореяда Наурыз мерекесі карантин талаптарына сай тойланды

Наурызды Оңтүстік Корея да тойлады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ мерекелік шараларға қатысушылар әлеуметтік арақашықтық сақтауға мәжбүр болды. Коронавирусқа байланысты бұл елде әлі де шектеулер бар. Алайда, қазақстандық студенттер мен диаспора өкілдері шағын концерт ұйымдастырып, жергілікті тұрғындарды көктем мерекесімен таныстырды.

Владислав Цой, тілші:

- Еуразия болашақ көшбасшылары қауымдастығының мүшелері үшін Наурыз басты мереке. Өйткені олардың мақсаты оңтүстіккореялықтарды Орталық Азия елдерінің мәдениетімен таныстыру. Олар Сеулдегі университеттердің біріне жиналды. Қазақстан елшілігі реквизитпен көмектесті, қазақ диаспорасының мүшелері бауырсақ пен наурыз көже дайындады. Отандастарымыз Диас Шүкубаев пен Динара Қошқарбаева концерт ұйымдастырды.

Чон Мин У (Толыс), студент:

- Сәліметсіз бе! Менің атым Толыс. Танысқаныма қуаныштымын. Мен қазір Хангук шет тілдер университетінде 2-курста оқимын. Мерекелік шараға қатысып, наурыз туралы көп ақпарат алдым. Қазақстанда екі аптаға саяхатпен бардым. Енді наурыз кезінде барғым келеді. Екі жылдан кейін еліңізге алмасу бағдарламасы арқылы оқуға барамын.

Владислав Цой, тілші:

- Ережелеріне сәйкес қоғамдық орындарда тамақтануға болмайды және айналаңызда 4 адамнан артық болмау керек. Сондықтан Кореядағы қазақ диаспорасының өкілдері ашық аспан астында, Қазақстан азаматы басқаратын компания аумағында дастархан жайды.

Арайлым Кореяға 20 жыл бұрын келді. Оның корей аты – Чон Ын Джу. Корея университетін бітіріп, автокөлік экспортыпен айналысатын компаниясын ашқан. Қазір Арайлымның фирмасында бірнеше қазақстандық жұмыс істейді. Жыл сайын ол Кореяда тұратын жерлестеріне мерекелік дастархан жаяды.

Чон Ын Джу (Арайлым), кәсіпкер:

- Наурыз көженді жасағанда Қазақстанды аңсап, қыздардың бәрі жиналып, бар етімізді, құртымызды жинаған. Оны алып келіп, сөйтіп, құрт пен наурыз көже жасаймыз.

Қазір Таңғы самал елінде он мыңнан астам қазақстандық жұмыс істейді. Корея мен Қазақстан азаматтары арасындағы некелесу де көп. Сондықтан жыл сайын Наурыз мейрамын атап өтетін оңтүстіккореялықтардың саны артып келеді. Қазірдің өзінде кей дүкендерінде құрт пен қазыны сатып алуға болады.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Сондай-ақ...