Ровер Perseverance: Марста өткен бір ай

АҚШ-тың ғарыш агенттігі құрастырған Perseverance аппаратының Марста жүргеніне бір айдың жүзі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы уақытта құрылғы қызыл ғаламшар бетіндегі дыбыстарды жазып, планетадағы тозаңды дауылдарды таспаға тартып, Жерге жіберіп үлгерді. Сонымен қатар 30 күнде зерттеу жұмыстарын өткізіп, геологиялық тәжірибелер жасаған. Марс кезген қондырғының не бітірді?

Марстағы Езеро кратеріне қонған Perseverance бірден іске кірісті. Айналаны суретке түсіп, қызыл ғаламшар бедерін зерттеуді бастап кетті. Көп ұзамай алғашқы тау жынысының құрамында базальттың бары анықталды. Ғалымдар оның әдетте лавадан түзілетінін айтады. Сонымен қатар әлгі құрылғы Марстағы дыбыстарды жазып алып, Жерге жолдаған.

Дэйв Грюл, NASA инженері:

- Марста жүретін құрылғыға екі микрофон мен арнайы жүйе орнатылған. Соның көмегімен біз ғаламшар бетіндегі дыбыстарды жазып алдық. Көздеріңізді жұмып, өздеріңізді бір сәтке Марста жүргендей сезініп, айналадағы дыбыстарға құлақ түріп көріңіздерші.

Миссияның басты мақсатына тоқталар болсақ, оны әлі бірнеше ай күтуге тура келеді. Қазір инженерлер құрылғының барлық жүйесін сынақтан өткізіп, Марсқа Perseverance-пен бірге жеткізілген тікұшақты ұшыруға дайындалып жатыр екен.

Фара Алибай, NASA инженері:

- Біз аппараттың ұшу аумағы қандай боларын шештік. Оның ені 30 метр, биіктігі 100 метрдей болу керек. Сонымен қатар тікұшақтың қонуына қолайлы болатын тегіс жер іздеп жатырмыз.

Осы сынақтардан кейін құрылғы өз миссиясының негізгі бөлігіне көшеді. Яғни өзге ғаламшарда өмір сүруге бола ма деген сауалға жауап іздейді. Ол үшін Perseverance кратер түбін бұрғылап, адамға қолайлы болуы мүмкін тау жыныстарын алуы керек. Ғалымдар осыдан 4 миллиардтай жыл бұрын Марстың бетін түгел су басып тұрған деген болжам айтады. Егер осы пайым расталса, тау жыныстарының үлгілері Жерге жіберіледі.