Сирияда аурухана атқыланып, жеті адам қаза тапты

Сирияның солтүстік-батысындағы әл-Атариб қаласының ауруханасы зеңбіректермен атқыланып, 7 адам қаза тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тағы 14 кісі жарақат алды. Олардың басым бөлігі дәрігерлер. Ақпарат құралдары: «қаланы атқылаған Сирия үкіметінің әскері» дейді.

Сирияда қарулы қақтығыс 2011 жылдан бері жалғасып келеді. 2017 жылдың соңына таман елде «Ирак және Левант лаңкестік ұйымының» жеңілгені жарияланды. Қазір мемлекетті қайта қалпына келтіру жүргізіліп жатыр. Үкімет әскері кей аудандарда қарулы топтардан тазарту операцияларын жалғастыруда. Оппозиция әскери қимылдардан бейбіт тұрғындар жапа шегіп жатқанын айтады. Дамаск болса, тек лаңкестерді нысанаға алып жатқанын мәлімдеп, айыпты жоққа шығаруда.