Австралияның шығысында су тасқынынан мыңдаған адам эвакуацияланды

Австралияның шығысындағы Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында толассыз жауған жаңбырдан, тасқын болып, елді мекендерді су басып жатыр.

Билік өңірде мұндай тасқын соңғы 50 жылда болмағанын айтады. Өзендер арнасынан асып, жүздеген үйді шайып кеткен. Табиғат апатынан әсіресе, Порт-Маккуори қаласының солтүстік жағалауы қатты зардап шекті. Шаһардан 15 мың адам эвакцуациялады. Осымен қатар Сиднейде де 3 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Штатта тас жолдарды су шайып, көлік қатынасы тұралаған. Ал ауа райын болжаушылар жаңбыр тағы бірнеше күн жауатынын ескертуде.

Скотт Тейлер, жергілікті тұрғын:

- Айналаның бәрін су басып, өзен деңгейі шамадан тыс көтерілуде. Мен мұндай тасқынды бұрын-соңды көрмеппін. Өткен жылы Рождество алдында тағы жаңбыр жауып, су тасыған еді. Бірақ ол кезде қазіргідей апатты жағдай болмаған.