Қазақстанда бірнеше жыл тұрған ағылшын қазақтың ұлттық тағамдарын шебер дайындайды

Ұлыстың ұлы күніне орай ол наурыз көже пісіріп, лондондық тілшіміз Ғалымжан Қараманұлын қонаққа шақырды.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Джон Данхилл қазақтың ұлттық ас мәзірімен етене таныс. Өйткені жеті жыл атыраулық мұнай компаниясында жұмыс істеп, Қазақстанның мәдени және дәстүрлі құндылықтарын бойына сіңірген. Ұн, сүт және ет тағамдарының бірнеше түрін дайындағанды жақсы көреді. Әрі дәмін татқанды да теріс көрмейді. Бүгін Ұлыстың ұлы күніне орай ол наурыз көже пісірді.

Джон Данхилл, Лондон тұрғыны:

-Турасын айтқанда, демалыс күндері келіншегім екеуміз тамақ істеуден жарысамыз және мен жиірек жеңіске жетемін. Жұмыс күндері ас үйде ол басшылық етеді. Бірақ егер шаршаса, өзім іске кірісемін.

Джон жолдасы Лейламен Атырауда бірге қызметтес болған. Лейла – Қазақстанның тумасы: әкесі әзербайжан, шешесі корей ұлтынан. Локдаунға байланысты жұмысты үйден істейді. Пандемия, сол себепті туған жеріне бармағанына да біршама уақыт болыпты.

Лейла Данхилл, Лондон тұрғыны:

- Туған жеріңде бұрын аса мән бере қоймаған дүниелерді жат елде жүріп, сағына бастайды екенсің. Лондонда қазақ мейрамханасы жоқ. Бірақ ұлттық тағамдарымыз бұл жерде зор сұранысқа ие болар еді.

Джон наурыз көже пісіріп жатқанда Лейла қамыр илеп, ет асты. Кең дастархан жайып, ортаға бауырсағы мен құртын, қазақстандық шоколадты қойды. Бір сөзбен айтқанда, ұлтымызға тән қонақжайлықты көрсетті.

Негізі ұлттық тағамдарымызды Тұманды Альбионда дайындау оңай емес. Мәселен, жылқының еті сатылмайды, қазы-қарта, жал-жая да жоқ. «Бірақ елден алдырып, бір амалын жасаймыз», - дейді Джон. Өйткені ұлық мереке Наурызды сән-салтанатымен атап өту парыз.

Джон Данхилл, Лондон тұрғыны:

- Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын. Қайда барсаң жол болсын, Қыдыр ата қолдасын!

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Сондай-ақ...