Австралияны соңғы 60 жылда болмаған тасқын су басты

Көктем келгенмен күннің райы бірде олай, бірде бұлай.

Мәңгілік жаз – Австралияны соңғы 60 жылда болмаған тасқын су басып жатыр. Ал Мексиканы қуаңшылық жайлап, ормандар күйіп барады. Ал Қытайда мал баққан қандастарымыз үшін күн райы қолайлы болып тұр.

Австралияда халқы ең көп Жаңа Оңтүстік Уэльс штаты су астында қалды. 6 күннен бері толассыз жауған нөсер соңы алапат тасқынға ұласты. Метеорологиялық бюроның мәліметі бойынша 1 аптаға жуық уақыт ішінде жауын-шашынның 3 айлық мөлшері түскен. Билік 18 мың тұрғынды қауіпсіз жерге көшірді. Бірақ құтқарушылар мал басын аман алып қала алмады.

Скотт Моррисон, Австралияның премьер-министрі:

– Австралия тағы да табиғаттың сынынан өтіп жатыр. Көптеген жерде жаңбыр әлі 2 күндей жауады деген жорамал бар. Менің ойымша, жағдай бұдан да қиын болатын сияқты. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.

Скотт Тейлер, жергілікті тұрғын:

– Айналаның бәрін су басып, өзен деңгейі шамадан тыс көтерілді. Мен мұндай тасқынды бұрын соңы көрмеппін. Былтыр Рождество алдында жаңбыр жауып, су тасыған еді. Бірақ ол кезде қазіргідей апатты жағдай болмаған.

Ал Мексикада керісінше күн күйіп тұр. Елді құрғақшылық жайлады. Салдарынан ормандар өртеніп, 12 штатта 50 -ге тарта от ошағы пайда болған. Тілсіз жау табиғаты әсем аймақтағы ірі ұлттық саябақты жалмады. Күшті жел өртті сөндіруге кедергі келтіріп тұр. Аймаққа тікұшақтар мен сарбаздар жіберілген.

Қытайда күн жылынды. Наурыздағы мамыражай күн райы малшылар үшін қолайлы болып тұр. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы қазақтар биыл қыстаудан жайлауға ерте көшті. Бұл аймақта тақауда ғана қалың қар жауған болатын. Көш қозғалмас бұрын билік жолдарды тазартып қойған. Бір айта кетерлігі, биыл үкімет малшылардың көмекшілеріне 610 АҚШ доллары көлемінде айлық тағайындаған.

Ернат Мелсұлы