Германиядағы локдаун және Наурыз мейрамы

Германияның бас қаласы Берлинде Қазақстан елшілігінің қолдауымен Наурыз мерекесі аталып өтті. Көсіліп той жасауға, мерекені кең көлемде атап өтуге пандемия тұсау салғаны белгілі. Дегенмен, Қазақстан, Өзбекстан және Германия музыканттары ұлттық шығармалармен қатар әлемдік классика туындыларын орындап көрермендерді қуантты.

Пандемия көсіліп той жасауға, мерекені кең көлемде атап өтуге тұсау салғаны белгілі. Берлинде де Наурыз мейрамына арналған концертте көрермен көп болған жоқ. Алайда алыстан тамашалаған ағайын саны біршама. Онлайн тыңдағандарды айтамыз.

Дәурен Кәріпов, Қазақстанның Германиядағы Елшісі:

- Наурыз мерекесі біздің халқымыздың жүрегінен ерекше орын алады. Коронавирус індетіне байланысты шектеулер болып, осы мерекені онлайн концерт форматында өткізуді жөн көрдік. Концерт ұнады. Өте керемет. Бұл концертке қатысушылар осы Германия жерінде тұрып жатқан әрбір ұлттың өкілдерінен жиналған өнер адамдары. Сол себепті бүгін көрсетіп отырған өнерлері ерекше бір әсер беріп отыр. 

Айнұр Баширова, музыкант /Қазақстан/:

- Қазақстан елшілігі осы керемет көктемгі мейрам кезінде мәдени шара өткізуді ұсынды және біз әрине қуана келістік.  Әсіресе барлығына ауыр тиген пандемия кезінде әрбір тыңдарманымыздың үйіне жылу мен өнер жеткізгенімізге ризамыз. 

Концертте Берлин филармониясы мен Неміс операсының жетекші артистері және халықаралық конкурстардың лауреаттары өз өнерін көрсетті. Мейрамға орай олар қазақстандықтарға ерекше бір музыкалық сый дайындаған. Паганини, Шопен, сондай-ақ қазақ композиторы Әділжан Толыкбаевтың туындыларын орындап берді.

Стефан Де Леваль Езерски, Берлин филармониялық оркестрінің валторнисі:

- Наурыз құтты болсын! Қазақстандықтарды мейраммен құттықтап, Жаңа жылда бақыт тілеймін! Сіздерге өнерімді көрсеткеніме ризамын. Бүгін Пуччини ариясын орындадым. Елдеріңізге барып, концерт бергім келеді. 

Элеонора Котлыбулатова, музыкант /Өзбекстан/:

- Қымбатты достар! Құрметті қазақстандықтар! Көптеген халықтар атап өтетін мейрам – Наурызбен құттықтаймын. Бұл күн мен түн теңесетін көктемгі мереке. Шексіз бақыт пен мықты денсаулық тілеймін.

Айкен Айтбай, музыкант /Қазақстан/:

- Музыкада талай шыңға жеткен артистер бүгінгі концертке қатысқанына өте қуаныштымын. Онда жас болса да Рахат-би Абдысагин, Әділжан Толықбаев, Гүлжан Өзенбаева секілді атақты композиторлардың шығармалары орындалды.

Қазақстандық өнер шеберлері алдағы уақытта да Германия көрермендеріне қазақ авторларының шығармаларын ұсынады. Демек, неміс тыңдарманы үшін тағы да бір концерт беруді көздеп отыр. Алайда бұл  енді эпидемиологиялық ахуалға байланысты. Ал әзірге Германияда локдаун. 

Авторлар: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский