АҚШ жеріндегі қазақстандықтар Наурыз мейрамын атап өтті

Наурыз мейрамын АҚШ-та тұратын қазақтар да атап өтті. «Наурыз-2021» шарасы онлайн форматта көрсетілді.

Отандастарымыз мұнда ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, қазақтың салт-дәстүрін, тағамын, әні мен күйін шетелдіктерге таныстырды.

«Жаңаша форматта өткен іс-шараның негізгі мақсаты ұлттық құндылықтарды дәріптеу», - дейді ұйымдастырушылар.

Алмат Айдарбеков, Қазақстан Республикасының Нью-Йорктегі Бас консулы:

- Төл мерекеміз Наурызды АҚШ-тағы Елшілік және Нью-Йорктегі және Сан-Францискодағы Бас консулдықпен бірге тойлауды ұйғардық. Бұрын ауқымды өтетін еді. Алайда  пандемия кезінде өзге жолды таңдадық.  Бұл наурызды тойлауға Роза Рымбаева, Данелия Тулешова сияқты танымал әншілер атсалысып, өздерінің ыстық сәлемін және әндерін жолдады. Сондай-ақ Техас, Чикаго, Нью-Йорк сынды қалалардағы қазақ диаспорасы  белсенді  қатысты.