БҰҰ-да Наурыз мейрамы атап өтілді

БҰҰ-ның Бас Хатшысы Антониу Гутерриш пен өзге де елдер дипломаттарының қатысуымен Халықаралық Наурыз күні атап өтілді.

Кездесу барысында 2010 жылы Бас Ассамблеяның шешімімен 21 наурызды халықаралық мереке ретінде атап өту туралы шешімнің қабылдағандығы айтылды. Байырғы заманнан келе жатқан көктемгі жаңару мерекесін бүгінде әлемнің 12 мемлекеті тойлап келеді. Ұйымның бас хатшысы Гутерриш мырза халқымыздың төл мерекесі әлем елдеріне жаңа үміт сыйлайтынын мәлімдеді. Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Мағжан Ілиясов болса, наурыз мейрамы қазақ халқы үшін қашан да қастерлі болғандығын тілге тиек етті.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Аса құрметті әріптестер! Баршаңызды бүгінгі халықаралық Наурыз күнімен құттықтағым келеді. Наурыз жыл басы. Ынтымақ мерекесі. Көптеген ұлт пен ұлысты біріктірді, достығымызды нығайтады. Былтырғы наурыз мерекесі пандемияның басталуымен тұспа-тұс келген еді. Алайда көктемнің келуі, наурыздың келуі бүкіл адамзатқа жаңа үміт сыйлайды. Наурыз бейбітшілік пен келісімнің символы іспетті.

Мағжан Ілиясов, Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

- Қазақ халқының әрбір шаңырағы наурыз мерекесін әрқашанда асыға күткен. Өйткені наурыз қарсаңында табиғат жаңарып, адамдар бір-бірімен көріседі. Бүгінде наурыздың құндылығы тек 12 мемлекет үшін ғана емес, сонымен қатар өзге де елдер үшін маңызды болуы тиіс. Өйткені Наурыз адамдардың бір-біріне мейірімді болуын үндейді. Жақсылық жасап, достықты нығайтуға үгіттейді.