Бейжіңдегі қазақ отбасы Наурыз мейрамын атап өтті

Наурыз бұл – жаңару, тіршіліктің қайта жандануы. Огны әлемнің көптеген елінде атап өтеді.

Бейжіңдегі қазақтар да ұлттық тағамдар дайындап, қонақ шақырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті қазақтар өз халқының салт-дәстүрін сақтап, оған үлкен мән береді.

Үйдің қаймағы және сары майының тіл үйіретіні белгілі ғой. Тіпті дәмін татқанда балалық шақ еске түседі. «Мұның бәрін үйден жіберілген сәлемдеме», - дейді Қайсар. 16 жылдан бері Бейжіңде тұрып келе жатқан кәсіпкер туған жері Шыңжаңдағы ұлттық тағамды сағынатын айтады. Ауылдағы әке-шешеден келетін кез келген тағамның ол үшін қаншалықты қадірлі екені түсінікті болар. Қытай астанасында түркология және қазақ әдебиеті мамандығы бойынша білім алған Қайсар қазақтың салт-дәстүрін бір кісідей біледі.

Қайсар Хабдолдаұлы, кәсіпкер:

- Cонымен қата, біз бала күнімізден қазақша оқыдық. Ата-анамыз қазақша тәрбие береді, қазақтың салт-санасын бәрін жақсы білеміз. Отан мал отын әкелді ме жоқ, шотын әкелді ме? Егер отын әкелсе, ол күн жылы болады. Күн ерте жылиды деген сияқты. Шотын әкелді десе, онда суық ағыс кіреді деген сияқты. Оны біз кішкентай кезімізден бойымызға сіңіргенбіз. Ал осы Ұлыстың ұлы күнінде жақсы тілеулерімізді айтып, көрші-қоландарымызды, дос-жарамдарымызды шақырып, Наурыз көже жасап, солай бас қосатынбыз.

Наурыз көже ұсынған құтты шаңырақ қонақтарға ет асып, құрмет көрсетті. Қайсар тұратын ауданда тағы бірнеше қазақ отбасы бар. Балалар да бірге ойнап, бір-біріне үлгі көрсетеді. Қазақы нақыштағы ойын-тойлар да олар үшін бір мектеп. Тұсаукесер, сырға салу, қыз ұзату, келін түсіру секілді ұлттық дәстүрге негізделген той-томалақта ата салты сақталады. Наурыз мейрамын де сағына күтіп, ерекше өткізеді.

Қайсар Хабдолдаұлы, кәсіпкер:

- Ұлыстың ұлы күнінде ақ мол болсын, осы індет ертерек басылып, бәріміз маска тақпай жүре берейік. Әрқашанда басымызға амандық болсын, денсаулығымыз мықты болсын. Осы жаман аурудан сақтасын. Барлығымыздың отбасылары бақытты болсын.

Күн мен түннің теңеліп, табиғат оянып, тіршілік қызатын шақта өмір баяғы қалпына қайт оралады деген үміт зор. Қайсар індет жойылған соң Қазақстанға келіп, халқымыздың салт-дәстүрін тереңірек үйренгісі келеді.

Авторы: Ботагоз Сырғабаева