Австралияда су тасқынынан тышқандар қаптап кетті

Австралияда 60 жылда болмаған алапат су тасқыны әбігер туғызды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің біраз бөлігінде вакциналау науқаны жоспарланған мерзімінен кешігіп жатыр. Су алған аймақта енді тышқандар қаптап кеткен. Ал, Ресейде қар көшкіні жүріп, салдарынан жеткіншек көз жұмды. Косовоның коммуналдық қызметі тынбай жауған қалың қарды тазалап үлгермей жатыр.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Австралияның шығысында ақжауынның арты алапат су тасқынына ұласты. 18 мың адам үй-жайын тастап, қауіпсіз жерге көшірілді. Бірақ билік қауіптің беті әлі қайтпағанын айтады. Олар алдағы уақытта тағы 15 мың тұрғынды көшіруіміз мүмкін дейді. Өйткені жаңбырдың басылатын түрі жоқ. Мамандар кейінгі күндері 700-ден аса құтқару операциясын жүргізген. Олар адамдармен бірге жануарларды да қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Су тасқыны салдарынан аймақта тышқандар қаптап кеткен. Көктемгі жауын кеміргіштер санының артуына қолайлы жағдай жасаған екен. Енді мамандар тышқандардың егінге қауіп төндіріп тұрғанын айтады.

Ал, Ресейдің Мурманск облысында қар көшкіні жүріп, 12 жастағы қызды басып қалған. Құтқарушылар оны қар құрсауынан алып шыққанымен, қыз бала тікұшақ келгенше көз жұмды.

Евгений Фролов, РФ ТЖМ Мурманск облысы бойынша бас басқармасының өкілі:

- Мурманск облысы бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасына қар көшкіні астында бір туристің қалып қойғаны туралы хабарлама келіп түсті. Іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқан аймаққа 47 құтқарушы мен 15 техника жіберілді.

Ал, Косовода коммуналдық қызмет көшені қардан тазартып үлгермей жатыр. Көшеде көлік қозғалысы шектелген. Билік тұрғындарды мүмкіндігінше жолға шықпауға шақырып отыр. Ал, синоптиктердің болжамы көңіл көншітер емес. Олар «қар демалыс күнге дейін жауады» деп отыр.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсел Жаңбыршы