Украинада антирекорд: тәулігіне вирустан 333 адам қайтыс болды

22 наурыз күні қабылданған Украина Үкіметінің қаулысы бойынша шет елдерден отанына оралған ел азаматтары да соңғы 48 сағатта жасалған арнайы тестті шекара қызметкерлеріне көрсетуі тиіс.

Олай болмаған күнде саяхатшылар 14 күн бойы оқшаулануы міндеттеледі. Әсіресе, соңғы екі аптада коронавирустың таралуы Украинада қайта өршіді, вирус жұқтырғандардың саны тәулігіне 15 мың адамға дейін жетіп тұр, соңғы сағаттағы статистика бойынша қайтыс болғандар саны да күрт өсіп, ел билігін алаңдатып отыр.

Максим Степанов, Украинаның денсаулық сақтау министрі:

– Украинада вирустың таралуына қатысты жағдай қиындай түсті. Бізді ауыр жағдай күтіп тұр. Бүгін адам өліміне қатысты статистика жаңарды, бір тәулікте дерттен қайтыс болғандар саны алғаш рет 300 адамнан асты. Арғы аптада вирус жұқтырғандар 60 748 болса, өткен аптада бұл сан 86 708 адамды құрады, яғни 26 мың тұрғынға артық.

Коронавирусқа қатысты жағдайдың ушығуын Украинаның денсаулық сақтау министрлігі британдық штамның кесірімен байланыстырады. Коронавирустың бұл түрі әлдеқайда қауіпті және тез таралады деп мәлімдейді министр. Сондықтан дерті асқынған адам саны артып, соңғы тәулікте емханаға мұқтаждық танытқандардың есебі күрт өскен. Ел Үкіметі Киев қаласындағы министрлік және басқа да атқарушы орган қызметкерлеріне 9 сәуірге дейін толығымен онлайн форматтағы жұмысқа көшуге шақырады.

Максим Степанов, Украинаның денсаулық сақтау министрі

– Ковидке арналған емханалардағы төсек орындарының жетіспеушілігі бізді алаңдатып отыр. Әсіресе, Киевтегі кереуеттердің 70 проценті науқастармен толы. Ел аумағы бойынша коронавирустың британдық түрі таралуда. Вирустың бұл штамы тез жұғады, тез асқынады. Сондықтан емханаға түсушілердің саны артты.

Атап өту керек, Украинада ковидке қарсы вакцинация 24 ақпаннан басталды. Коронавирустың жылдам өршуіне байланысты, тәулігіне 10 мың адам мемлекеттен тегін екпе алуда. Бүгінгі күнге дейін 121 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы екпенің алғашқы дозасын алып үлгерген. 1 наурыздан бастап елде тегін вакцина алуға тіркелу басталды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, арнайы сайт арқылы 322 мың тұрғын тегін екпе салдыруға кезекте тұр.

Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Сондай-ақ...