433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Египеттен ежелгі христиан ғибадатханасы табылды

  • 99
  • UPD: 20:58, 24.03.2021

Египет шөлінде археологтар ежелгі христиан ғибадатханасын тапты. Оның аумағында тарихшылар бірдей үш шіркеудің үйіндісін қазып алған.

Ғалымдардың пікірінше, 5-ғасырда салынған осы кешенді әлемдегі ең ежелгі христиан ғибадатханасы деп санауға болады. Каирдегі зерттеу институттарының мамандары және Еуропа мен Азияның ғалымдары осы кешенді зерттеуге кірісіп кетті.

Археологтар дәл осы Бахария оазисінен аса құнды дүние табамыз деп ойламағандарын айтады. Тарихшылардың мәлімдеуінше, мұнда ежелгі шаруалардың шағын бір ауылы болуы мүмкін еді. Алайда қазба жұмыстары кезінде зәулім ғимараттардан тұратын кешен табылған. Олардың біразы базальт тастан қаланған, қалғаны қыштан құйылыпты. Ал құдайға мінажат ететін бөлмелердің біразын жартастан қашаған.

Умм Диаб, тарихшы:

- Алғашында бұл шағын ауыл деген жорамал болған. Алайда зерттей келе салтанатты әшекейленген ғимараттарды байқадық. Құдайға мінажат ететін бөлмелерді аршығаннан кейін бұл орынның әлемдегі ең ежелгі христиан ғибадатханасы екеніне көз жеткіздік.

Көне ғимараттардың қабырғасы төртінші ғасырдың ортасында қаланған. Ал шіркеулер жетінші ғасырда бой көтеріпті. Бірақ уақыт өте келе бұл шіркеулерді құм басып қалған. Алайда бұл жайт ескерткіштердің жақсы сақталуына септігін тигізгенге ұқсайды.

Фейруз Хосни, археолог:

- Бұл кешен ғибадатхана болғаны анық. Ол христиан дінінің рәміздеріне толы, қабырғаларындағы жазулар грек тілінде жазылған. Мысыр аумағындағы алғашқы христиан-копттар өз бөлмелерін осылай безендіретін. 

Археологтардың пікірінше, бұл кешенде тұратын адамдар аса дәулетті болған. Шыныдан жасалған ыдыс пен мүсіндер соның айғағы. Мұндай бұйымдар қазіргі Тунис пен Алжир елдеріндегі шеберханаларда жасалатын және сол кезде бұлар өте бағалы тауар саналған. Ал адамдардың бұл мекенді неге тастап кеткені белгісіз. Олар ғибадатханадан аяқасты қашып шыққаны көрініп тұр. Тіпті пеште дайындаған тағамдарының қалдықтары табылды. Дастарқандары да жиюсыз қалған.  Алайда мұның сыры ашылуы екіталай. Өйткені тиісті зерттеулер жүргізілгеннен кейін мамандар бұл орынды құммен қайта басып тастайтын түрі бар. Әйтпесе кешен көп ұзамай бүлінеді.

Авторлар: Светлана Брахмит, Әмір Мурад

Хабар 24 телеарнасы