430,73 519.25 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Меркель Пасхаға байланысты қосымша демалыс күндерін беруден бас тартты

  • 115
  • UPD: 22:11, 24.03.2021
Меркель Пасхаға байланысты қосымша демалыс күндерін беруден бас тартты

Германия Пасха мейрамына байланысты қосымша демалыс күндерін беру туралы шешімнің күшін жойды. Бұл туралы канцлер Ангела Меркель шұғыл онлайн жиналыс кезінде мәлімдеді.

Еске сала кетсек, осыған дейін Ангела Меркель елдегі вирустың таралуын баяулату мақсатында 1-5 сәуір аралығын Пасхаға байланысты қосымша демалыс күндері етіп жариялаған еді. Сондай-ақ Германия Пасха мейрамына қатысты қатаң шектеулердің күшін жойды.

Еске сала кетейік, осыдан екі күн бұрын үкімет мейрам кезінде шектеу шараларын барынша күшейткен еді. Барлық дүкен жабылып, халықтың жиналуына тыйым салынуға тиіс болған. Алайда бұл үкім халықтың да, саясаткерлердің де наразылығын тудырды. Ангела Меркель осы шешімді қате деп мойындады. 

Ангела Меркель, Германия канцлері:

- Пасха мейрамын атап өтуге қатысты туындаған біздің идеялар тек ізгі ниеттердің нәтижесі деп біліңіздер. Бірақ мұның соңы жақсыға апармайтынына көзіміз енді жетті. Қателікті мойындау керек. Ал ең бастысы, оны дер кезінде түзету. Негізі бұл шаралардың мақсаты індеттің үшінші толқынын баялату еді. Алайда одан көп проблема туындап, тиісті нәтиже бермес. 12 сәуірде қайта жиналыс өткіземіз. Бәріміз бірігіп, індетті жеңетінімізге сенімдімін.

Айта кетерлігі, Германияда коронавирус жұқтырғандар көбейіп барады. Өткен тәулікте 16 мыңдай дерек тіркелді. Елде індеттің үшінші толқыны басталған.

Хабар 24 телеарнасы