430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үндістанда криптовалютаға тыйым салынды

  • 59
  • UPD: 09:58, 25.03.2021

Заң жобасы әзірше парламентте қарастырылып отыр.

Саясаткерлер жергілікті кәсіпкерлерге криптовалютасын нақты ақшаға ауыстыруға жарты жыл уақыт беретінін жеткізді. Іскер қауымының көпшілігі бұған наразы. Бұл заң жеке меншік бизнеске қарсы бағытталған дейді.

Жаңа заң жобасына сәйкес цифрлық валютаны иеленген немесе саудалаған адамға алғашқыда ірі мөлшерде айыппұл салынады. Ал бұл ережені қайта бұзғандар немесе ірі көлемде сауда жасағандар бас бостандығынан айырылады.

Ишан Самад, экономист:

– Үкіметтің ресми ұстанымы бойынша, криптовалюта – қаржылық пирамиданың бір түрі. Яғни пайданы жаңа инвесторлар тарту арқылы табады. Қазір бүкіл әлемде криптовалюта модаға айналып кетті. Сондықтан қазір табыс әкеп жүр, бірақ күндердің күнінде бұл жүйе күйреп, үлескерлер ақшасынан қағылады.

Үндістанда криптовалютаның айналымы апта сайын артып келеді. Бүгінде 8 миллионанан астам жергілікті инвестор бір жарым миллиард доллар мөлшерінде қаражатты цифрлық валютаға аударған. Ал бұл ел экономикасының нақты салалары осы қаржыдан айырылғанын білдіреді. Дегенмен үкімет криптовалютаға толық тыйым салмайды. Цифрлық ақша тек мемлекет бақылауындағы биржаларда айналуы тиіс.

Нишу Мишра, криптоинвестор:

– Криптовалюта арқылы қаражаттың көлеңкелі айналымы жүреді. Әрине бұл барлық елдердің билігіне ұнамайды. Сондықтан осы көлеңкелі айналымға қатысқаны үшін жазаны күшейтіні сөзсіз. Ал Үндістан бұл бағытта өзгелерге қарағанда тез шара қабылдай бастады. Қазір осы заңды қабылдаса, ол жарты жылдан кейін күшіне енеді. Осы мезгілде кәсіпкерлер цифрлық валютасын кәдімгі ақшаға ауыстыруға тиіс. Көптеген компаниялар бұдан бас тартатынына сенімдімін, өйткені бұл олар үшін тиімсіз. Сондықтан елде көлеңкелі экономиканың көлемі артатын түрі бар.

Кәсіпкерлер мұндай заң қабылданбайтынына үмітті. Егер жүзеге асса жеке меншік бизнес күйрейді деп қауіптенеді. Ал саясаткерлер бұл шараның ел экономикасын күшейтуге бағытталғанын алға тартады.

Михаил Зейфан, Устад Рахман

Хабар 24 телеарнасы