Бельгияда жартылай локдаун енгізілмек

Коронавирустың үшінші толқыны басталғандықтан Бельгияда жартылай локдаун енгізілмек.

Бұл туралы ел премьер-министрі Александр Де Кро хабарлады. Жаңа шектеу шаралары наурыздың 26-сы өз күшіне еніп, 4 аптаға дейін жалғаспақ. Жаңа талаптарға сәйкес дүйсенбіден бастап барлық мектеп пен жоғары оқу орындарындағы офлайн оқу форматы тоқтатылады. Алайда балабақшалар жұмысын жалғастыра береді. Барлық шаштараз мен сән салондары да жабылады. Ашық аспан астында 4 адамнан артық жиналуға тыйым салынды. Ал ғимарат ішінде шақырылған қонақтың саны 1 адамнан аспауы керек. Елдегі коменданттық сағат та өз күшінде қалды. Брюссельде оның уақыты түнгі сағат оннан таңғы 6-ға дейін жалғаспақ. Қызметкерлерге қашықтан жұмыс істеу форматы міндеттелді. Сәуірдің 26-сына дейін елдегі барлық азық-түлік емес сауда орындарына тек алдын ала жазылу арқылы ғана баруға болады. Ал азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен газет журнал сататын нүктелерр емін еркін жұмыс істей береді. Жергілікті билік мамыр айының соңына дейін созылмалы ауруы бар және 65 жастан асқан тұрғындарға екпе егуді жоспарлап отыр.

Александр Де Кро, Бельгия премьер-министрі:

- Әр екі апта сайын тіркелген науқастар саны екі есеге артуда. Қазір вирус өте тез тарап жатыр. Жансақтау бөлімдеріне түскен ауыртпашылық күннен күнге артып барады. Шектеу шараларының арқасында соңғы 4 айда аурудың үшінші толқыны басталмаған еді. Енді барлық талапты қайта мықтап қолға алу керек.

Зои Де Мей, Брюссель тұрғыны:

- Жарияланған қауіпсіздік шаралары жақсы, алайда кеш қолға алынған. Ертерек басталғаны дұрыс еді. Ең алдымен мектептер жабылу керек. Өйткені балалар бір-біріне вирус жұқтырып жүр.