Британияда мигранттарды қабылдау қатаңдатылуы мүмкін

Ұлыбритания билігі елге заңсыз мигранттардың ағылуын тоқтату үшін босқындарды қабылдау ережесін қатаңдатпақ.

Үкімет парламентке жаңа заң жобасын ұсынды. Оған сай корольдік аумағына заңсыз кірген мигранттың босқын мәртебесін алуы шектеледі. Олардың елге кіруіне көмектескен адамдар түрмеге жабылады. Ал босқын мәртебесін алу туралы өтініші кері қайтарылған мигранттарды депортациялау жылдамдатылмақ. Құқық қорғаушылар бұл босқындарды алалау деп, үкіметтің бастамасын сынға алып жатыр. Билік жаңа жүйенің артықшылығы көп дейді.

Ал ресми мәліметке қарағанда, былтыр Ла-Манш бұғазы арқылы корольдік аумағына 8 жарым мың мигрант заңсыз кірген екен. Олардың басым бөлігі қылмыскерлердің қызметіне жүгінген. Жалпы өткен жылы Ұлыбританиядан босқын мәртебесін сұраған адамдардың қарасы 35 мыңға жеткен.